Алматының іргесіндегі тауда қар көшкіні салдарынан турист мерт болды

Алатау баурайындағы Алматы қаласы

22 ақпан күні Алматының іргесіндегі тауда қар көшкіні салдарынан бір адам қаза тауып, оның қасында болған екінші адам қар құрсауынан өз күшімен аман шыққан.

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқыс оқиға теңіз деңгейінен 3 400 метр биіктегі Титов асуында болған. Төрт адамнан тұратын туристер тобындағы екі адамды көшкін басып қалған.

Оқиға орнына Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті құтқару бөлімшесінің, "Барыс" республикалық жедел-құтқару жасағы қызметкерлері, полиция өкілдері, психологтар, кинологтар мен еріктілер барған.

Құтқарушылар тобы қар астында қалып опат болған адамды іздеп тауып, сүйегін алып шыққан.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға тауда көшкін жүру қаупі барын ескертеді.