Amanat партиясы сайлауға қатысудан бас тартты

Астанадағы Орталық сайлау комиссиясы ғимараты. Көрнекі сурет

Биліктегі Amanat партиясы жаңа бір палаталы парламент – Құрылтай сайлауына қатыспайды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді.

"Орталық сайлау комиссиясына Amanat партиясынан Құрылтай сайлауына қатыспайтыны туралы хат түсті", – деді Әбдіров.

Бұған дейін Amanat партиясы "Әділет" партиясына қосылуға ниетті екенін мәлімдеген. 14 маусымда Астанада "Әділет" партиясының ІІ съезі өтіп, онда делегаттар Amanat партиясының қосылу туралы бастамасын қолдаған.

Билік партиясындағылар мұны "президентті қолдайтын топтардың күш біріктіруі" деп атаған. Amanat-тың кей мүшелері ол партияның атынан елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "құлағы көрініп тұрады" деген. Ал тәуелсіз сарапшылар бұл өзгерістен жаңалық күтпейді, "партия тек атын ауыстырды, ал елдегі саясат бұрынғы қалпында қалады" деп санайды.

Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысуға құқығы бар партиялар тізімін жасап, қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес, 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауына 7 партия қатысады. Олар:

  • "Әділет" партиясы;
  • "Ауыл" партиясы;
  • "Ақ жол" саяси партиясы;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП);
  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП);
  • "Respublica" партиясы.