Amnesty International: Иран өлім жазасын қолданудан әлемде бірінші орында тұр

Иран үкіметі ұйымдастыратын жаппай қуғын-сүргін мен өлім жазасына қарсы митингіде тұрған адамдар. Париж, 31 қаңтар, 2026 жыл.

2025 жылы әлемде кемінде 2707 адам өлім жазасына кесілген — бұл Amnesty International ұйымы 18 мамырда жариялаған жаңа есепке сәйкес, 1981 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Адам құқығын қорғаушылар Иранда өлім жазасының күрт өсуін осы көрсеткіштің жоғары болуының негізгі себептерінің бірі ретінде атайды.

Ұйымның мәліметі бойынша, былтыр Иранда 2159 адам өлім жазасына кесілген. AI оны елдегі кейінгі онжылдықтардағы ең жоғары көрсеткіш дейді. Адам құқығын қорғаушылар Иран билігі өлім жазасын саяси қысым жасау және наразылықты басып-жаншу құралы ретінде, әсіресе 2025 жылдың жазында Израильмен болған соғыстан және үкіметке қарсы жаппай наразылықтардан кейін жиірек қолданады деп санайды.

Amnesty ұйымы Қытай бұл статистикаға енгізілмегендіктен әлемдегі нақты көрсеткіштер бұдан айтарлықтай жоғары болуы мүмкін екенін айтады. Адам құқығын қорғаушылар Қытай жыл сайын "мыңдаған өлім жазасын" орындайды дейді, бірақ нақты сандар құпия қалып отыр.

Ираннан басқа, өлім жазасының өсімі Сауд Арабиясында, Кувейтте, Египетте, Йеменде және АҚШ-та тіркелді. Есепке сәйкес, Сауд Арабиясы 2025 жылы кемінде 356 адамды өлім жазасына кескен — бұл ел үшін жаңа рекорд. АҚШ-та өлім жазасына кесілгендер саны 47 адамға жетті, бұл 2009 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Осы өлім жазаларының елеулі бөлігі Флорида штатының үлесіне тиеді.

Баяндама авторлары өлім жазасының көбеюін кейбір елдерде авторитарлық үрдістердің күшеюімен байланыстырады. Олардың пікірінше, билік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын көрсету, азаматтық бостандықтарды шектеу және сынды басып-жаншу үшін қатал жазаны жиі қолданады.