Аннексияланған Қырымда Су-30 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады

Су-30 жойғыш ұшағы

Аннексияланған Қырымда ресейлік Су-30 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Бұл жөнінде Ресей қорғаныс министрлігіне сүйенген "Интерфакс" хабарлады.

Ұшақ Мәскеу уақыты бойынша сағат 11 шамасында жоспарлы оқу-жаттығу кезінде апатқа ұшырады. Ведомствоның хабарлауынша, ұшақ оқ-дәрі алып жүрмеген. Экипаж ұшақтан секіріп кеткен.

31 наурызда аннексияланған Қырымда ресейлік әскери-көлік ұшағы Ан-26 апатқа ұшыраған еді. Ұшақ бортында 30 адам болған – экипаждың 7 мүшесі, 23 жолаушы. Олардың бәрі қаза болды. Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ұшақ жоспарға сай ұшқан. Ақпарат құралдары дереккөзге сүйене отырып, ұшақтың тауға соғылғанын жазды. Ресми мәлімет бойынша, апатқа техникалық ақау себеп болған.

BBC-дің Орыс қызметінің хабарлауынша, қаза болғандар арасында генерал-лейтенант Александр Отрощенко болуы мүмкін. "Досье шпиона" телеграм-арнасының жазуынша, әуе апатынан солтүстік флоты штабының алты офицері де қаза болған.

Солтүстік флоты әскерилерінің қазасын Мурманск облысының губернаторы Андрей Чибис растады, бірақ жай-жапсарын айтпады.