Апелляция соты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісінің өтінішін орындамады

Нұрсұлтан (сол жақта), Болат (оң жақта) және Нұрбол Назарбаевтар суреттерінен коллаж

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Нұрбол Назарбаев сотта тағы да жеңілді. Бұл туралы Ulysmedia cайты хабарлады .

Алматы облыстық сотының апелляция алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдырып, Нұрбол Назарбаевқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолданудан бас тартты деп жазды басылым.

Бұған дейін "қаржы жағдайы қиын" екенін сотта бірнеше рет дәлелдеуге тырысқан Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тануды емес, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануды сұраған. Бұл рәсім борышты бес жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік береді әрі банкроттыққа байланысты несие алуға қойылатын шектеулерге, қаржы мониторингіне және заңда көзделген өзге де шараларға ілінбеуге жол ашады.

Сотқа берген шағымында Нұрбол Назарбаев қарызға белшеден батқанын айтқан. Ол "қымбат тұратын активтері" барын, бірақ ол өз атында болмағандықтан оларға "серіктестік қарым-қатынас" арқылы және бенефициар ретінде иелік етемін деп түсіндірген. Назарбаев өз "серіктестері" мен өз атына жазылмаған компаниялар оның борышын төлеуге келісіп отыр деп сотты сендіруге тырысқан.

2026 жылы наурыз айында Алматы облысының Қарасай аудандық соты Нұрбол Назарбаевтың бұл өтінішін орындаудан бас тартқан. Апелляция алқасы бірінші сатыдағы сот заңды шешім шығарған деп ұйғарған.

"Ол өзінің қаржы жағдайы туралы адал әрі толымды мәліметтер берген жоқ. Оның жұмыс істемеуіне ешқандай заңды негіз жоқ. Борышкер кредиторларға өздігінен ақша төлеу үшін қандай да бір әрекет етуге талпынып та көрмеген" деп мәлімдеген сот алқасы.

Нұрбол Назарбаев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі (марқұм) Болат Назарбаевтың ұлы. 2017 жылға дейін полицияда істеген ол Алматы облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасарлығына дейін өскен. Кейін бизнеске ауысып, елдегі ең бай кәсіпкерлердің қатарына енген. Forbes Kazakhstan басылымы 2025 жылғы рейтингінде оның байлығын шамамен 179 миллион доллар деп бағалаған .

2025 жылы қыркүйектің аяғында Нұрбол Назарбаев 57 миллиард теңге тұратын активтерінен сот шешімімен айрылғаны белгілі болған еді. Бұған қоса оған 925 миллион теңге және 230,4 миллион теңге айыппұл салынған.

Былтыр 24 қыркүйекте сол кездегі парламент мәжілісінің депутаты Ринат Зайыт бас прокурорға сауал жолдап, Нұрбол Назарбаевқа тиесілі кәсіпорындар мен мүліктің есебін жүргізіп, егер олар заңсыз жолмен алынған болса, түгелдей мемлекет иелігіне қайтарып алуды сұраған.

Депутат Ермұрат Бапи бас прокурор Берік Асыловқа үндеуінде өзіне "Нұрбол Назарбаев жер телімдерімізді алып қойды" деп мәлімдеген азаматтардан, сондай-ақ кәсіпкер Қуат Ерментаевтан арыз-шағымдар түскенін айтқан. Депутаттың сөзінше, 2022 жылы қылмыстық іс қозғалғанымен, 2024 жылы прокуратура "қылмыс құрамы жоқ" деген желеумен ол істі жауып тастаған. Депутат бұл істі қайта қозғауды талап еткен.

Былтыр қазан айында бас прокуратура Нұрбол Назарбаевтың активтерін тексеріп жатқанын мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Болат Назарбаевтың бөліске түскен бизнес-империясы. Байлық кімге бұйырды?Бас прокуратура Нұрбол Назарбаевтың активтеріне қатысты депутаттың сауалына жауап бердіКіріс комитеті Нұрбол Назарбаевтың өзін банкрот деп тануға өтініш бергенін растадыНұрбол Назарбаевқа қарсы Астанадағы соттың мән-жайы неге құпия?Назарбаевтың Үшқоңыр жайлауындағы сарайы жиені Әлиевтің қарамағына өтті