Апелляциялық сот белсенді Марат Тұрымбетовті қамауда қалдырды

Азаматтық белсенді Марат Тұрымбетов украин ақыны Тарас Шевченконың ескерткішіне гүл қойып жатыр. 24 ақпан 2023 жыл.

Апелляциялық сот белсенді Марат Тұрымбетовті қамауда қалдырды деп хабарлады адвокат Айнара Айдарханова.

“Алматы қалалық соты Марат Тұрымбетовтің санкциясы бойынша арызды өзгеріссіз қалдырды, бірінші топ мүгедегі қамауда қала бермек” деп жазды адвокат Facebook-та.

Адвокат Азаттыққа тергеу құпиялылығын ашпау туралы қолхат бергендіктен іс бойынша ештеңе айта алмайтынын жеткізді.

Жақтастары Марат Тұрымбетовтің диализге тәуелді екенін, ол үшін қамау өлім жазасымен тең екенін айтып, алаңдайды.

"Марат үшін қамау өлім жазасымен пара-пар. Ол қоғамға қандай қауіп төндіреді?" деп жазды адвокаттың жазбасына пікір қалдырған Неля Багаутдинова есімді қолданушы.

Тергеу органдары іс бойынша мәлімет бермеді.

Қыркүйектің басында белсенді Марат Тұрымбетовтің үйін арнайы жасақ тінтіп, өзін ұстап әкеткен еді. Адвокаттың сөзінше, ол “Алаяқтық” (190-бап) бабы бойынша күдікке ілінген. Істің мән-жайы жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Істі бас прокуратура жүргізіп жатыр.

Марат Тұрымбетов қоғамдағы маңызды мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенділердің бірі. Жуырда құрылтай сайлауы кезінде Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірін бақылап, онда тіркелген 1225 адамның небәрі 158-і яғни 11% ғана бюллетень алғанын жазған. Дауыс беру хаттамасын да жариялаған еді. Бұл жазба қоғамда қызу талқыланған. Бұл оқиғаның оның ұсталуына қатысы бар-жоғы белгісіз.