Апелляциялық сот бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовтың үкімін өзгертпеді

Иаков Воронцов үкімді тыңдап тұр. 7 қазан 2026 жыл.

Алматы қалалық соты бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовқа шыққан үкімді өзгертпеді. Бұған дейін 7 қазанда Алматы қаласы Медеу ауданының соты оны төрт жылға түрме жазасына кескен.

Бұрынғы діни қызметкерге "Есірткі заттарын сату ниетімен заңсыз өндіру, өңдеу, сатып алу, сақтау немесе тасымалдау" бабымен айып тағылған. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.

Воронцовтың адвокаты бұл шешімге шағым түсіріп, оны өзгертіп, Воронцовты ақтауды сұраған. Алайда, аппеляциялық алқа адвокаттың шағымын қанағаттандырмай, үкім өзгеріссіз қалды.

- Иаковты сотқа қатыстырмады. Бірақ бізде адвокат апелляциялық шағым түсірген жағдайда қорғауындағы адамды апелляциялық отырысқа қатыстырмайтын тәжірибе қалыптасқан. Себебі бұл жағдайда апелляциялық шағым беруші – адвокаттың өзі.

Прокуратура әдеттегідей үкімнің заңды әрі негізді екенін айтты. Ал мен сот үкіміндегі логикалық тұжырымдар істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін айттым. Өйткені дәлелдемелерге сүйенген мұндай қорытынды жасауға қажетті байланыстар жоқ. Сондықтан сот актісінің заңдылығын біржақты түрде растай алмаймыз. Менің ойымша, үкім қайта қаралуы керек еді, ең болмағанда күші жойылуы тиіс болатын. Мен үкімнің күшін жойып, ақтау туралы өтініш білдірдім. Бірақ сот апелляциялық шағымымды негізсіз деп танып, қанағаттандырудан бас тартты. Үкім өзгеріссіз қалды. Бүгіннен бастап үкім заңды күшіне енді. Енді сот актісін алған соң, кассациялық шағым дайындаймын. Өйткені сот актісінің заңдылығын тексеру – жоғары тұрған сот инстанциясының тікелей міндеті, - деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Иаков Воронцов – орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкері. 2022 жылы Ресейдің Украинаға қарсы соғысына ашық қарсылық білдіріп, Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын, өзін-өзі басқаратын дербес православ діни бірлестігін құруды қолдаған. 2023 жылы орыс православ шіркеуінің соғысты қолдауын сынаған әлеуметтік желідегі жазбаларына байланысты оның үстінен ұлтаралық араздықты қоздыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейін іс тоқтатылған.

Дегенмен, биыл ақпанда есірткі бабымен ұсталды. Қазанда Алматы қаласы Медеу ауданының соты оны «Есірткі заттарын сату ниетімен заңсыз өндіру, өңдеу, сатып алу, сақтау немесе тасымалдау» бабымен айыпты деп танып, оған төрт жыл түрме жазасын кесті. Жақтастары және Воронцовтың өзі істі өзінің ұстанымымен байланыстырған. Қорғаушылары оның табылған затты сатып алуға және сақтауға қатысы барын дәлелдейтін айғақтар жеткіліксіз екенін мәлімдеген. Жақында қазақстандық құқық қорғау ұйымдары Иаков Воронцовты «саяси тұтқын» деп таныды.