Бұрын жеке сектордағы компанияның топ-менеджері болған Шахмұрат Мүтәліп аз уақыт ішінде елдегі ауқатты кәсіпкерлер қатарына қосылды. Бірнеше мекеме құрып, ірі құрылыс компанияларын иелігіне алды. Мемлекеттік ірі жобалардың тендерін ұтты. Елдегі тау-кен саласындағы концерндерді сатып алуға ұмтылып жатыр. Аз уақыт ішінде Қазақстан президентінің жеке қабылдауына екі рет кіріп шықты. Шахмұрат Мүтәліп кім? Бұрын-соңды жеке кәсіпкер ретінде танылмаған адам қалай аяқасты байлық жиды? Бір кезеңде "Еуразиялық үштік" олигархтарына, Дариға Назарбаеваның қазіргі күйеуі делінетін Қайрат Шәріпбаевқа қараған активтер оған қалай өтті? Азаттық жауап іздеді.
АКЦИОНЕРГЕ АЙНАЛҒАН ҚЫЗМЕТКЕР
Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы Алматы облысы Асқар Тоқпанов ауылында туған. 2008 жылы Алматы маңындағы "БЕНТ" деп аталатын темір бетон шпал жасайтын кәсіпорынға слесарь болып жұмысқа кіреді. Ресми биографиясына қарасақ, жұмыс істеп жүріп "Тұран" университетінен "аймақтану" және "экономика" бойынша екі мамандықты қатар оқыған алғыр студент болған. Бір уақытта оқуын да оқып, жұмыста да өрлеген. Жеке компанияда 7 жыл (2008-2015) жұмыс істеп, бірінші вице-президент лауазымына жеткен.
Бұдан соң "Концерн "Казахсельмаш" компаниясында директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі (2016-2017), сосын "IST Group" деген компанияда тәуелсіз директор (2017-2020) болды. 2020 жылы Integra Construction KZ деген компанияға бас директор болып тағайындалды. Мұның бәрінде Шахмұрат Мүтәліп құрылтайшы бекіткен жалдамалы қызметкер болды. Бірақ 2022 жыл бәрін өзгертті. Басшылықта болған адам бір-ақ сәтте осы компанияның құрылтайшысына айналды. Integra Construction KZ қазір елдегі ең ірі компаниялар тізімінде 12-орында тұр және жыл сайын төлейтін салығы өсіп, активі ұлғайып келеді. Бірақ осының бәрі қалай жүзеге асып жатқаны қызық әрі көп сұрақ тудырады. Алдымен Integra Construction KZ деген не компания, соған тоқталайық.
Компания тарихы 1997 жылдан басталады. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы базасында құрылған. Әуелі "Ремпуть", сосын "Жол жөндеуші" деп аталды. Ірі компания. Кейін қайта тіркеуден өтіп, тендер арқылы жекенің қолына өтті. Жеке деп отырғанымыз – "Еуразиялық үштік" деп аталатын топтағы олигархтар: Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Алиджан Ибрагимов. 2012 жылы компания осы үштіктен Патох Шодиевтің немере бауыры Орифджан Шадиевке сатылды. Ол компанияға Садыр Махмутов деген адаммен бірге PRIME System KZ деген компания арқылы иелік етті. Жаңа қожайын "Жол жөндеушіге" ребрендинг жасап, Integra Construction KZ деген жаңа атау берді. Қазақстан ішінде ірі теміржолдарды салып келген компания осы кезеңде халықаралық нарыққа да шыға бастаған.
Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп Тараздағы бокс орталығын ашу рәсімінде сөйлеп тұр. 11 желтоқсан, 2025 жыл. Сурет: Жамбыл облысы әкімдігі.
Тіркеу құжаттарына сәйкес, 2020 жылы Шахмұрат Мүтәліп компанияға бас директор, ал 2021 жылы бақылау кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл кезеңде Шахмұраттың бастығы, Forbes Kazakhstan журналы байлығын 177 млн долларға бағалаған акционер Шадиевтің басына бұлт үйіріле бастаған. Оның иелегіндегі Capital Bank Kazakhstan мемлекеттен көмек ретінде алған 20 млрд теңгені уақытылы қайтара алмай, іс сотқа жетті. Ұлттық банк Capital Bank-ті лицензиясынан айырды.
2023 жылғы сот процесінде Шахмұраттың есімі де аталды. Жағдай былай болған. Іс деректеріне қарағанда 2021 жылы сәуірде Integra Costruction KZ 5,2 млрд теңге берешек ақшаның есебінен "Корпорация "Алтынстрой" деген компанияға өтеді. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде компанияның 99,9 пайыз акциясы Management&Construction Ltd деген компанияға сатылады. Келісім құны белгісіз. Бұл компания содан бірер ай бұрын ғана құрылған еді. Оның иесі кім боп шықты дейсіз ғой? Шахмұрат Мүтәліп. Қалған 0,01 пайыз үлесті ол тікелей сатып алған. Соттан хабар таратқан Besmedia сайтының жазуынша, Ұлттық банк Шадиевтің мемлекетке қарызын қайтарудан жалтару тәсілі деп, осы сатып алу шарттарының күшін жою туралы арыз түсіреді.
Ұлттық банк өкілінің сотта "бұл мәмілелердің Шахмұраттың аффилирленген тұлға екеніне қарамастан, үлесті соның атына қайта рәсімдеу мақсатында ғана жасалғанын дәлелдейтін бірқатар дау тудырмайтын айғақтар мен дәлелдер бар екені анық әрі нақты түрде белгіленді" деп сөйлеген.
"Корпорация "Алтынстрой" Ұлттық банк Орифджан Шадиев пен Шахмұрат Мүтәліптің аффилирленген тұлғалар екенін дәлелдей алмады деп мәлімдейді. Бұл сәтте Шадиев пен Шахмұраттың бірер жыл бұрын ғана аффилирленген, ауызекі тілмен айтсақ, мүдделес адамдар болғаны анық еді. Астана соты Ұлттық банктің арызын қанағаттандырады. Бірақ 2024 жылы тамызда Жоғарғы сот Шадиевтің қарызды өтегеніне байланысты алдыңғы үкімнің күшін жойды. Ақша қайтты деп Ұлттық банк те арызын қайтарып алған. Ал Integra Costruction KZ-тің басшысы болған Шахмұрат ақыр соңында осы аса ірі компанияның иесі болып қала берді.
ШӘРІПБАЕВТЫ АЛМАСТЫРУШЫ
Шахмұраттың Дариға Назарбаеваның азаматтық некедегі күйеуі деп айтылатын Қайрат Шәріпбаевтың бизнес құрылымына қараған компанияны иелік ету барысына тоқталайық.
2024 жылдың аяғына қарай Шахмұрат Мүтәліп табиғи газды көтерме бағада сатумен айналысатын Gas Technology LTD деген компания құрды. Оның бір себебі мынау сияқты. Осы уақытта Атырауда ірі газ өңдейтін зауыт салып жатқан Kazakh Construction Group деген компания Шахмұраттың иелігіне өтіп еді. Енді соның үлесінің бір бөлігін жаңадан құрған компанияға жазып қойды.
Kazakh Construction Group-тың кейінгі жылдары құрылтайшылары бірнеше рет өзгерді. 2023 жылдың ортасына дейін компания Қайрат Шәріпбаевтың "адамдарына" тіркеліп тұрды. Бірде оның "активтерін уақытша тіркеп қоятын адамы" Әсет Нұрдостың атына, бірде Әсеттің атындағы компания директоры Андрей Мянның атына ауысты.
Шахмұрат Мүтәліп бұл активті сатып алды ма, сыйға алды ма, белгісіз. Бір анығы Kazakh Construction Group Қашаған кен орнының газын өңдейтін ірі зауыт салып жатыр. Қазақстан үкіметі 2021 жылы бұл зауытты салу құқығын Қайрат Шәріпбаевпен аффилирленген GPC Investment деген компанияға берген еді. Қаңтар оқиғасынан кейін GPC Investment мемлекет балансына өтіп, Шәріпбаевтың "жасырын бизнесі" тоқтағандай болған. Ал қазір жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысының бас мердігері – Kazakh Construction Group, яғни, Шахмұрат Мүтәліп. Қазақ үкіметі бұл құрылысты қаржыландыруға қатарлық инвесторлармен келісім орнатқан. Жобаның құны 1 мдрд доллар болатыны айтылған.
МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕРДІГЕРІ
Integra Construction KZ компаниясы ресми сайтта түрлі жобаларды жүзеге асырып жатқан 15 филиалы барын жазған. Ақпаратқа қарағанда шетелде орналасқан бөлімшелері де бар. Компанияның салық есебіне қарасақ, қаржы айналымы күрт өскен. Негізінен мемлекет қаржыландыратын ірі жобаларда мердігер болып отыр. Олардың бастыларын ретімен баяндайық.
ЕКІБАСТҰЗДАҒЫ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ
Екібастұз қаласындағы жалпы құны 3 трлн теңгеден асатын жаңа электр станциясы. "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамы 2024 жылғы есебінде шорт-листі жариялап, жобаны жүзеге асыратын үш компанияның атын атаған. Бірақ 2025 жылғы қазанда өткен комиссия отырысы тендерді GCL&Integra Energy деген компанияға берген. Бұл Шахмұрат Мүтәліптің қытайлық компаниямен бірігіп құрған консорциум. Жобаны мемлекет қаржыландырады.
ТҮРКІСТАНДАҒЫ БУ-ГАЗ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ
Түркістан облысында бу-газ электр станциясын салып жатқан консорциумға 2025 жылы Integra Construction KZ кірді. Оған дейін құны 800 млрд теңге тұратын жобаны қазақстандық "Базис" компаниясы мен оңтүстіккореялық Doosan Enerbility деген компания бірлесе салып жатқан. Құрылысқа қажет қаржыны Қазақстанның даму банкі бөліп отыр.
ҚАРАБАТАН СУ ДАЙЫНДАУ ЖОБАСЫ
Мұнай-газ саласындағы Petrocouncil сайтының жазуынша, Integra Атырау облысындағы Қарабатан жобасына да кірген. Компания бұған өз ішінде арнайы филиал ашқан. Қарабатан - Атыраудағы мұнай-химиялық жобаларды іске асыратын индустриялық аймақ. Integra осындағы су дайындау бойынша екінші жобаның тендерін ұтқан ресейлік "Велесстрой" компаниясын ығыстырған. Petrocouncil Integra кірген соң жоба құны 87 млрд-тан 500 млрд теңгеге өсті деп жазды.
"ЖАЙЛЫ МЕКТЕП" ЖОБАСЫ
Integra Construction KZ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының құрылысына белсене қатысып жатыр. Бұл да мемлекет қаржыландыратын жоба. Тіпті Қазақстан үкіметінің Түркиядағы жер сілкінісінен кейін көмек ретінде салып беріп жатқан мектеп құрылысына да Integra Construction KZ жауапты. Солтүстік Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге мемлекет салып берген үйлердің мердігері де осы компания болды.
ТЕМІР ЖОЛДАР
Adata.kz платформасының дерегіне сүйенген Shishkin_Like Телеграм арнасы Integra Construction KZ 2024-2025 жылдары "Қазақстан темір жолымен" жалпы құны 3 трлн теңгенің келісімшартын жасасқанын жазды.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпарат бойынша, Integra Қазақстан бойынша бірнеше өңірден тұрғын үй, ғимарат салу, пәтер сатып алу, инженерлік желі жүргізу, су қондырғысы, бөгет, жол салу бойынша ондаған ірі тапсырыс алған.
Компания өзі туралы ақпараттың соңына "Даму мен жетілудің шегі жоқ!" деп жазған. Теміржол, автожол салатын компания қай салада болсын құрылыс жасай алады деген қазіргі мүмкіндігін меңзеп тұрғандай. Бірақ, жаңа айттым, мұның бәрі дерлік – мемлекеттік жобалар. Міне, осылайша Шахмұрат Мүтәліп иелік еткен соң бұл компания мемлекеттің оң назары түскен, табысы еселенген мердігерге айналды.
ҚАНАТ ЖАЙҒАН КӘСІПКЕР
Шахмұрат Мүтәліп 2025 жылдың соңына қарай қанатын кеңге жая бастады. Ол туралы халықаралық екі басылым Bloomberg пен Financial Times эксклюзив ақпарат жазды. Екеуі де Шахмұраттың Қазақстандағы екі ірі активке көз тіккені жайлы.
Bloomberg агенттігінің жазуынша, Шахмұрат Мүтәліп елдегі ірі металлургиялық комбинат "Казцинктің" 70 пайыз акциясын сатып алуға ниет білдірген. Бұл активті қазір швейцариялық Glencore деген компания басқарып отыр. Компанияның қалған 30 пайыз үлесі мемлекеттік меншігінде. Ақпаратқа қарағанда, кәсіпкер "Казцинктің" 70 пайызын 3,5 млрд долларға сатып алуы мүмкін.
Арада бір ай өткенде британиялық Financial Times басылымында Шахмұрат Мүтәліп тау-кен саласында жұмыс істейтін тағы бір ірі компания – ERG-дің 40 пайыз үлесін сатып алатыны туралы жаңалық шықты. Мұнда Шахмұрат Еуразиялық үштіктегі Александр Машкевич отбасы мен Патох Шодиевтің үлесіне көз тіккен. Келісім құны – 1,4 млрд доллар делінді. Қаржы министрлігі Forbes Kazakhstan сайтына әзірге бұл туралы хабарлама түскен жоқ деген.
Екі компаниядағы осы үлестерді сатып алу үшін Шахмұрат Мүтәліп 4,9 млрд доллар қаржы жұмсайды делік. Forbes Kazakhstan журналының былтырғы рейтингі бойынша, мұндай актив елде 5-ақ адамның қолында бар. Сонда жас кәсіпкер бұл ақшаны қайдан алады деген заңды сұрақ туады.
МҮТӘЛІПТІҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?
Шахмұрат Мүтәліп қоғамдық қызметке де белсене араласа бастады. 2024 жылы ақпанда Қазақстан бокс федерациясының президенті болып сайланды. Осы орында 5 жыл отырған олигарх Кеңес Рақышевты ығыстырды. Ал 2025 жылдың сәуірінен бастап Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті.
Былтыр Шахмұрат Мүтәліп президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен көппен бірге бірнеше рет жолыққанын (1, 2, 3) есепке алмасақ, екі рет ( 1 , 2) Ақордаға арнайы барып, бетпе-бет кездесті. "Қазақмысты" сатып алғалы жатқаны туралы хабар шығар алдында кәсіпкер Нұрлан Артықбаев та Тоқаевпен жеке кездесіп шыққан еді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Integra Construction KZ компаниясының иесі Шахмұрат Мүтәліпті қабылдап отыр. Астана, 21 қараша 2025 жыл. Сурет: Ақорда баспасөз қызметі.
Жақында журналист Вадим Борейкоға "Алматыметроқұрылыс" компаниясының басшысы Қайрат Рейімов сұхбат беріп, Integra-ның Алматы метросын салуға да араласқысы келгені туралы айтты. Оның сөзінше, бұл келіссөз кәсіпкер Гаджи Гаджиевпен кездесуден кейін басталған.
Рейімовтің сөзінше, Гаджиев кездесу барысында метро салу ісіне араластыруға "мүмкіншілігі барын білдірткен".
– Гаджидің жеке өзі қызығушылық танытқаннан кейін, ойластырып көрейін деп ұсыныспен шыққаннан кейін Integra компаниясы пайда болды, – дейді кәсіпкер.
Рейімов Integra-ның атынан келіссөзді Шахмұрат Мүтәліп пен компанияның бақылау кеңесінің төрағасы Кудрәт Шамиев жүргізді дейді. Ол Шахмұраттың иелігіндегі компаниялардың бақылау кеңесін басқарып отыр. Рейімов оларға "Алматыметроқұрылыс" компаниясын сатып алуды ұсынған. Бірақ кейін "жоғарыдағы шешімдерге байланысты компанияны алу-алмауымыз белгісіз" деген жауап алған.
Integra-ның артында Гаджи Гаджиев тұр ма, мұны кәсіпкер Қайрат Рейімов нақты айта алмайды. Олардың спорт федерацияларын басқарып отырғанына назар аударады. Қазір Гаджиев ауыр атлетика, Шахмұрат Мүтәліп бокс, ал Кудрәт Шамиев таэквандо федерациясының президенті. Бірақ бұл ештеңенің айқын дәлелі емес.
Тағы бір деталь. Гаджи Гаджиев 2015-17 жылдары Integra Construcrion KZ-тің басқарушы директоры болған. Компанияның ол кездегі атауы "Жол жөндеуші" еді. Гаджиев бақылау кеңесін басқарған "Найза-Құрылыс" деген компанияда бір кезеңде Кудрәт Шамиев те жұмыс істеген. Бұл да әрі кеткенде олардың өзара таныстығын растауы мүмкін. Ресми өмірбаяндары одан өзге ақпарат бермейді.
Еске салайық, Гаджи Гаджиевтің Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан мен Қытай шекарасындағы кеденді бақылайтыны туралы жергілікті БАҚ-та жиі жазылды. Былтыр Orda.kz сайты оны бұрынғы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен бірге қамауға алынды, Украинадағы қазақ белсендісі Айдос Садықовтың қазасын ұйымтастырды деп мәлімдеген. Бұл екеуіне Гаджиев ашық жауап бермеген. Оның әйелі Раушан Қажыбаева Қазақстан президентінің телерадиокешенін басқарады. Ол сол кезде кәсіпкер күйеуі туралы жала жапты деп Orda сайтына арыз беретінін айтқан еді. Гаджи Гаджиевтің Integra компаниясына қазір қатысы бар ма, бұл сұраққа нақты жауап жоқ.
Шахмұрат Мүтәліптің аз уақытта қандай активке иелік етіп үлгергенін тізіп шықтық. Мемлекеттің қандай жобаларын жүргізуге кіріскенін де көрдік. Осы қызметі үшін оның компаниясы биліктен арнайы сыйлық алып та үлгерді.
Ендігі сұрақ – ол осы деңгейге өзінің кәсіпкерлік талантымен жетті ме?"Елге қайтару" қорының жетекшісі Оразалы Ержанов мұның жауабы жақын уақытта белгілі болады деп санайды.
Оразалы Ержанов
– 35 жастағы жап-жас жігіт бұл Мүтәліп. Ол Қазақстандағы 20 млн халықтан артық тұрған талантымен жинап жатқан ақша емес қой. Оның бәрі биліктің жинап, қолына беріп жатқаны, – дейді Ержанов.
Ол бір сөзінде бейресми ортада "мұның бәрін [президенттің] жиендеріне әкеліп тірейді" деген әңгіме барын айтады.
– Шынын айту керек, ертең сотқа тартып жүрмеуі үшін. Қолымызда ондай құжат жоқ, – деп бұған ашық дәлел жоғын да қоса кетті сарапшы.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин Integra Construction KZ ЖШС-ның түрлі жобаларды жаппай ұтып жатқанына аса күмәнмен қарайды. Ол да "мұның артында билік тұр" деп есептейді.
Әкежан Қажыгелдин
– Ал биліктің ішінде кім екенін уақыт көрсетеді. Жасырын жасай алмайды. Бүгін болмаса, ертең. Ертең болмаса, ары кетсе 6 айдан кейін бәрі шыға келеді. Сондықтан бұған неге барады билік? Неге президент Тоқаев бұған алданады? – сауал тастап отыр Ұлыбританияда тұратын экс-премьер-министр.
Азаттық Шахмұрат Мүтәліп ірі компанияларды иелік етуі мен мемлекеттік жобаларды игере бастауына байланысты бірнеше органға ресми сауал жолдады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Integra компаниясының құрылтайшыларының ауысу барысына қатысты сауалға жауап бермеді. Компанияның меншік иесі ауысуы барысында қаржы заңдылығы сақталды ма деген сауалға Қаржы мониторингі агенттігі "Integra Construction KZ" ЖШС бойынша сотқа дейінгі тергеулер жоқ" деп жауап берді. Дәл осындай сауал Бас прокуратураға да жолданған. Бақылаушы орган хатты "Самұрық-Қазына" қорына бағыттап, ол жақтан бұл ақпаратты беру біздің құзіретімізге жатпайды деген жауап түсті.
Integra Construction KZ компаниясының ресми поштасына жолданған хатқа әлі кері реакция келмеді. Шахмұрат Мүтәліп мырзаға көмекшісі арқылы да сауал жолданды. Осы материал барысында айтылған деректер мен көтерілген сұрақтарға кәсіпкердің ұстанымын тыңдауға, сұхбаттасуға Азаттық бейіл екенін ескертеміз.
АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ САТЫП АЛУҒА ҰЛАСТЫ МА?
Заңсыз иемденілген активтерді қайтару ісін бақылап жүрген сарапшылар – экономист Оразалы Ержанов пен экс-премьер-министр Әкежан Қажыгелдин Шахмұрат Мүтәліптің Қазақстандағы тау-кен саласындағы ірі корпорацияларын алуға ұмтылысының астарынан не көреді?
Оразалы Ержанов "Қазақмыстың" Qazaq Stroy компаниялар тобына өтуін "Qarmet-тің" жекешелену барысына ұқсатады. Ал Шахмұрат Мүтәліптің ERG мен Kazzinc үлестеріне қызығушылық танытуы да осы сценариймен жасалып отырған жұмыс деп санайды сарапшы.
Ал Әкежан Қажыгелдин ресейлік банктерден несие ретінле алған ақшасын толық қайтарып біте алмай отырған ERG-ді немесе өзге де ірі корпорацияларды мемлекет өзіне қайтаруды көздесе, сатып алуға бір де бір тиын жұмсалмауы қажет дейді. Оның есебінше, қазіргі нұсқада билік өз кәсіпкері ретінде таңдаған адамдар арқылы жоспарын жүзеге асырып жатыр.
– ERG-дің ар жағында 40 пайыз үлеспен Қазақ мемлекеті тұр. Бұл қарызды кім төлейді? Соған қарайтын болсақ, бұл Integra-ның қолынан келмейтін нәрсе. Ал ар жағында не тұр? Олардың ойы қалай да болса мемлекеттен, қордан қаржы алмақшы, – деп тұжырады экс-премьер.
Қазақстан президенті былтыр қыркүйекте өзі 2022 жылы бастаған заңсыз активтерді қайтару ісіне жауапты комитетті басқа бағытқа бұрды. Тоқаев жақында "Түркістан" газетіне берген сұхбатында заңсыз байлықты қайтару ісі жалғаса беретінін айтты. Алайда қазірге дейін қайтарылған соманы тәуелсіз сарапшылар елден ұрланған қаржының кішкентай ғана бөлігі деп бағалайды.
Әкежан Қажыгелдин 2022 жылы Қазақстан президентінің өкілі арнайы келіп, ірі корпорацияларды қайтару мәселесі туралы сұрақ қойып, оған әсотсыз, арбитражсыз қайтару мүмкіндігі бар ма, жоқ па" деп сұрағанын айтады. Экс-премьер сол сұраққа мен былай жауап беріпті.
– Мемлекеттің қолындағы заңды керек болса өзгертіп, күш органдары – Бас прокуратура, Антикор, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу агенттігі – бәрін дұрыс қолданатын болсаңдар, дәл бүгінгі отырған "шетелден" келген акционерлер сіздерді ешқандай сотқа апаратын жағдайлары жоқ, Бірақ оны жағдайды істеу үшін, шындыққа барып, бәрін ашық түрде қолдану керек.
Азаттық зерттеуінің видеосын көремін десеңіз:
Your browser doesn’t support HTML5
Ақорданың назары түскен кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп кім?
Қажыгелдин Қазақстан билігі активтерді қайтару ісі өздері әуелі көздеген мақсатта жүргізе алмады, тайқып кетті деп санайды. "Сол себепті келесі билік бұл мәселені қайтадан қаратады. Себебі қолға тиіп, пайдаланып алып кеткен қаржы сомасы тым үлкен, тым көп" дейді ол.
Заңсыз иемденілген активтерді қайтару идеясы "Қаңтар оқиғасынан кейін қорыққаннан айтылған ұсыныс" дейді Оразалы Ержанов.
– Уақыт өтті. Сотталатын адам сотталды, шығаратын адамды шығарды. Бәрі жайлап тынышталып, басылған соң оның бәрі қалды. Істегісі келген адамдарға, биліктің ең басында отырған адамдарға ешқандай кедергі жоқ. Заң да бар, бәрі де бар. Тетіктің бәрі бар. Оны істейтін саяси ерік те, ниет те жоқ, – деп отыр экономист.
Қаңтар оқиғасынан кейін іле-шала қазақстандық бизнес өкілдерінің басын қосқан Тоқаев халықаралық зерттеуге сүйеніп, "елдегі байлықтың тең жартысы 162 адамның қолында" деген пікір айтты. Халықтың жартысының табысы 50 мың теңгеге жетпейтінін сынады. "Жағдайды шұғыл өзгерту керек" деді. Содан бергі төрт жыл ішінде жағдай анағұрлым өзгеріп кетпеді. Бұған ресми көрсеткіш, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал дәлел.
Қазақстан билігі 2022 жылдан бері қайтарған активтің басым бөлігі Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен кәсіпкер Қайрат Боранбаевтан алынды. Бұдан өзге шағын бөлігі кімнен қайтарылғаны ашық айтылмайды. Себебі Заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы заңның осындай нормасы бар.
Алайда биыл 5 қаңтарда "Түркістан" газетіне шыққан сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз иемденілген активтерді қайтару ісі аясында қомақты қаражатты инвестиция күйінде экономикаға тартып жатырмыз деді.
– Активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірді. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды, – деді Тоқаев.