9 қазанда АҚШ қаржы министрлігі ресейлік дизельмен операция жүргізуге рұқсат беретін бас лицензия шығарды. АҚШ бұған дейін мұндай операцияларға санкциямен тыйым салған еді. Құжатты журналист Алекс Рауфоглу X желісінде жариялады.
Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) лицензиясы ресейлік дизельді сатуға, тасымалдауға, түсіруге, импорттауға рұқсат береді. Ол 2027 жылдың 7 сәуіріне дейін күшінде болады.
Дегенмен лицензия қаражатты Ресей орталық банк, Ресей ұлттық әл-ауқат қоры немесе қаржы министрлігінің Америкадағы қаржы мекемелеріне аударуға рұқсат бермейді.
Трамп Путинмен "мазмұнды" әңгімелескенін хабарлады
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен "өте мазмұнды" түрде әңгімелескенін хабарлаған. Тараптар Ресей дизелін халықаралық нарыққа тасымалдауға келіскен. Ізінше АҚШ қаржы министрлігі жоғарыда айтылған уақытша лицензияны шығарды.
Трамптың сөзінше, Путин 300 мың тоннадан астам дизельді жедел арада тасымалдауға келіскен. Қарашада – тағы 500 мың тонна, одан кейін миллион тонна, ізінше үш миллион тонна дизель жеткізбек. Осылайша жалпы жиынтығы 5 миллион тоннаға жуық отын тасымалдамақ. Тасымалдау мерзімі мен шарттарын АҚШ басшысы нақтыламады.
Трамп мұндай келісімді халықаралық нарықта дизельдің бағасын түсіру талпынысымен байланыстырды. Оның айтуынша, АҚШ-тың Ормуз бұғазын бақылауы және Ресеймен мұнай өнімдерін тасымалдау туралы келісімнен кейін баға күрт түсуі мүмкін.
Кремль халықаралық экономикаға оң ықпалы барын айтты
Ресей жағы мұнай мен мұнай өнімдерін АҚШ пен халықаралық нарыққа жеткізуге дайын екенін растады. Кремльдің хабарламасында мұның ғаламдық экономикаға оң әсері жөнінде жазылған. Дегенмен Трамп айтқан цифрлар мен мерзімді Ресей жағы растамады.
Кремльдің айтуынша, телефон әңгіме кезінде екі басшы Украинадағы соғысты аяқтау мәселесін талқылаған. Бұған қоса, Иран және Ресей-Америка қатынасын сөз еткен.
Тараптар жеке байланысты, сонымен бірге президент әкімшіліктері мен өзге де ведомстволар арасындағы өзара ықпалдастықты жалғастыруға келісті деді Кремль.
Зеленский Ресейге қарсы санкцияның жұмсаруын сынады
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың ресейлік мұнай өнімдерін халықаралық нарыққа жеткізуге уақытша рұқсат беру туралы шешімін сынады. Оның сөзінше, санкцияны жұмсарту Ресейге соғысты жалғастыруға мүмкіндік береді.
"Шиеленісті азайту туралы айқын және ұзақ мерзімді келісімсіз Ресейге қарсы санкцияны жеңілдету әлсіздіктің айқын белгісі. Бұл Ресейге тиімді, ол көбірек қан төгеді, ұзағырақ соғысады, Америкаға деген құрметі төмендейді және әлемге одан да көп шығын мен залал келтіреді" деп жазды Зеленский.
Украина президенті сонымен қатар Еуроодақтың ресейлік миллиардерлер Әлішер Усманов пен Михаил Фридманға қарсы санкцияны алып тастағанын еске салды. Осыдан соң Ресейдің Украинаға шабуылы тек күшейгенін айтты.
Зеленскийдің пікірінше, Ресей майдан шебіндегі сәтсіздіктерін бейбіт нысандарға соққымен жабуға тырысады және соғысты жалғастыруға қажет ресурсқа қол жеткізу үшін халықаралық қысымды әлсіретуге күш салады.
"Биыл Ресей майдан шебінде әлсіз. Сол себепті Путин террорға сүйеніп отыр. Сол себепті соғысқа көбірек уақыт пен мүмкіндік алу үшін, Ресейге қысымды азайту үшін кулуар артындағы келісімдерге иек артып отыр" деді Зеленский.
Украина президенті бүгін АҚШ-та келіссөздерге қатысқан украин делегациясын «көзбояушылық үшін пайдаланғанына» да наразылық білдірді. Ол АҚШ президентінің шешімін «әлсіздіктің» көрінісі деп атады.
Бұл жөнінде тілшінің сұрақтарына жауап берген Трамп «Жарайды» деп, Ресеймен дизель бойынша келісім АҚШ пен әлемге қажет екенін айтты.
Майамидегі келіссөз
Майамиде 9 қазанда Украинаның жоғары лауазымды тұлғалары, Трамптың арнайы уәкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер, сонымен бірге Ұлыбритания, Германия мен Франция, Еурокомиссия және НАТО өкілдері қатысқан келіссөз өтті. Уиткофф келіссөздің "конструктивті" өткенін айтып, соғысты аяқтау мәселелері талқыланғанын атап өтті.
Оның сөзінше, қысқа дайындық шаралары, энергетикалық қауіпсіздік, астық экспорты, қауіпсіздікке кепілдік пен болашақта соғысқа жол бермеу мәселесі талқыланған. Бұған қоса, соғыстан кейін Украинаны қалыпқа келтіру және Украинаның ЕО-ға мүше болуы сөз болды. Келіссөзге қатысқан өзге тұлғалар әзірге түсініктеме бермеді.
Ресейде дизель отынын эспорттауға тыйым күшінде
Қазан айының басында Украинаның "энергетикалық соғысты" тоқтату туралы ұсынысына түсініктеме берген Путин Ресейде дизель отыны жеткілікті екенін, бірақ оны әлемдік нарыққа тасымалдауға Батыс санкциясы кедергі келтіріп отырғанын айтқан.
Путиннің айтуынша, Ресей Украинаның "энергетикалық нысандарға шабуылды тоқтату" туралы ұсынысын қабылдаудан мән көрмейтінін, себебі санкция бәрібін отын экспортына кедергі келтіретінін айтқан.