АҚШ 30-дан астам елдегі биозертханалар жайлы деректерді жариялады

АҚШ барлау қызметінің директоры Тулси Габбард АҚШ үкіметінің 30-дан астам елдегі 120-дан астам биологиялық зертхананы “ұзақ уақыт” қаржыландырғанын айғақтайтын құжат жариялады. Аталған зертханаларда биологиялық патогендерге қатысты зерттеулер жүргізілген, кейбірі қауіпті.

“Олардың қатарына Украинадағы зертханалар да кіреді, Ресей-Украина соғысына байланысты оларға қауіп төнуі мүмкін” деп жазылған ұлттық барлау басқармасының 12 маусым күнгі мәлімдемесінде.

Ақпаратқа қарағанда, бұған дейін "барлау қауымдастығы АҚШ қаржыландыратын Украинадағы биологиялық зертханада қауіпті қоздырғыштар болуы мүмкін екенін және Ресей тарапының – айталық, шабуыл, басқыншылық немесе зақымдау сияқты қатеріне төзбеуі мүмкін екенін ескерткен".

Мұндай ерекше қадам ұлттық барлау қызметінің директоры Тулси Габбардтың қызметтен кетуіне бірнеше күн қалғанда жасалды. Габбардтың аталған деректі не үшін жариялағаны белгісіз және онда жаңа немесе сенсациялық ақпарат бар-жоғы да түсініксіз.

Көптеген жыл бойы АҚШ үкіметі “Қауіпті азайтудың бірлескен бағдарламасы” аясында қырғи-қабақ кезеңінен бергі зерттеу бағдарламаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шараларды қаржыландырған. Олар негізінен биологиялық және химиялық қару саласындағы советтік жобалармен тығыз байланысты. Бұл советтік нысандардың кейбірі Киевте, Тбилисиде және өзге де постсоветтік елдерде орналасқан.

Трамп әкімшілігі бірнеше айдан бері Вашингтон қаржыландыратын биозертханаларға қатысты АҚШ мұрағаттары мен құжаттарын қарап жатыр. Бұл процесс "gain-of-function" атты зерттеулерді федералдық қаржыландыруға тыйым салынғаннан кейін басталды. Мұндай зерттеулерге организмдердің биологиялық функциясын күшейту мақсатында оларды модификациялау кіреді. АҚШ-тың пікірінше, Қытай сияқты елдерде мұндай зерттеулерге тиісті дәрежеде бақылау жүргізілмейді.

Батыс пен Ресей арасы суығаннан кейін Мәскеу АҚШ-ты "биологиялық қару шығаруды көздейтін биозертханаларды қаржыландырды" деп айыптап келеді. Мұндай айыптаулар ұзақ уақыт бойы конспирологиялық теориялармен қабаттасып келеді. АҚШ үкіметі оны бірнеше рет терістеуге тырысқан.

Вашингтон 1975 жылы қол қойылған биологиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияға қатысады.