АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жұмысына қатысуға шақырылған елдер басшыларының алғашқы отырысы 19 ақпанда Вашингтонда өтпек. Трамп бірқатар шет мемлекеттер басшыларына шақырту жіберген деп хабарлады 8 ақпанда америкалық басылымдар.
Жиын Вашингтондағы америкалық Бейбітшілік институтында өтпек. Ұйым атауына жақында Дональд Трамптың аты берілген еді.
Алғашқы отырыста Газа секторын қалпына келтіру мәселесі талқыланбақ деп жазды басылымдар.
Бейбітшілік кеңесі бастапқыда Трамп ұсынған бейбіт жоспар аясында Израиль мен палестиналық топтар арасындағы қарулы қақтығыстар аяқталған соң Газа секторын басқару мен қалпына келтіруді үйлестіретін орган ретінде қарастырылған еді. Алайда биылғы қаңтар айында Давоста жиырмаға жуық елдің басшылары қол қойған кеңес жарғысынан ұйымның өкілеттігі кеңейтілгені байқалады. Трамп төрағалық ететін жаңа ұйым әлемнің басқа өңірлеріндегі қақтығыстарды реттеуге де жәрдемдесуді көздейді. Трампты сынап жүргендер ол БҰҰ институттарының рөлін Бейбітшілік кеңесі арқылы алмастырғысы келеді дейді.
Бейбітшілік кеңес жұмысына қатысуға келіскендер арасында Қазақстанмен бірге Аргентина, Армения, Әзербайжан, Болгария, Біріккен Араб Әмірліктері, Венгрия, Индонезия, Пәкістан, Израиль, Қатар, Сауд Арабиясы мен Түркия бар. Сондай-ақ Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко да кеңеске шақыруды қабыл алғанын айтқан.
Ресей, Украина, Қытай, Үндістан мен Еуроодақ елдерінің басым бөлігі әзірге өз ұстанымын анықтаған жоқ.
Ал Ұлыбритания, Франция мен Германия Бейбітшілік кеңесіне қатысудан бас тартқан.
Румыния президенті Никушор Дан Бейбітшілік кеңесі отырысына шақыру алғанын жексенбі күні X әлеуметтік желісінде хабарлады. Ол Румыния ұйым жарғысының кейбір ережелерін қайта қарау мүмкіндігі жөнінде АҚШ-пен кеңесіп жатқанын айтты.
"Румыния 19 ақпандағы іс-шараға қатысатыны туралы шешімді қазіргі уақытта Кеңес мүшесі емес, бірақ жарғы қайта қаралған жағдайда қосылуға ниетті Румыния сияқты елдермен кездесу форматын америкалық серіктестермен талқылағаннан кейін қабылдайды", – деп жазды Дан.
Алайда ол қандай мемлекеттерді меңзгенін нақтылаған жоқ. Бұған дейін кей елдер Бейбітшілік кеңесі идеясын толық жоққа шығармайтынын, бірақ БҰҰ-ға балама құрылым ұйымдастыруға қарсы екенін және Трампқа кең өкілеттік беретін жарғының бірқатар ережесімен келіспейтінін білдірген деген ақпарат болған еді.