АҚШ-Иран бітімі жарияланғаннан екі күн өткенде тұрақсыздық қайта оралды. Израильдің Ливанға соққы жасауы, Парсы шығанағындағы шабуылдар және Ормуз бұғазының толық ашылмауы атысты тоқтату келісімінің бұзылу қаупін күшейтіп отыр.
Оның үстіне, АҚШ пен Иран бітім келісіміне Ливан кіре ме, жоқ па деген сұрақ төңірегінде дауласып жатыр. Ал Ливанға тоқтаусыз шабуылдап жатқан Израиль нысанаға тек "Хезболланы" алып жатырмыз дейді. Бұл – Иран қолдауына ие қарулы топ. АҚШ "Хезболланы" террор ұйымы деп таныған.
Азаттық радиосы америкалық "Атлантикалық кеңес" зерттеу орталығындағы "Таяу Шығыс интеграциясы" жобасының директоры Эллисон Майнормен сөйлесіп, бітім жарияланған кейінгі оқиғалардың әсерін талқылады. Майнор президент Дональд Трамптың бірінші мерзімінде Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Араб түбегі мәселелері бойынша директор болған.
ҮЗІЛІС ПЕ, БЕТБҰРЫС ПА?
Азаттық: АҚШ пен Иранның Пәкістан араағайындығымен жасалған екі апталық бітімі қазірдің өзінде мәселенің шешімінен гөрі тығырыққа ұқсап тұр. Ливанға жасалған соққылар мен Парсы шығанағы аумағында қарымта шабуылдарды соны меңзейді. Бұл бітім дипломатиялық келіссөзге кіріспе ме, әлде соғыстың жаңа кезеңі алдындағы стратегиялық үзіліс пе?
Эллисон Майнор
Эллисон Майнор: Әзірге кесіп айтуға ертерек. Қос тарап та де-эскалация мүмкіндіктерін қарастыруға мүделі екені байқалады. Бірақ іс-жүзінде олардың ұстанымдары өте алшақ. Әлі көптеген ірі шешілмеген мәселелер бар. Әсіресе, Ливанның рөлі, Ормуз бұғазының болашағы жайлы сұрақтар шешілмей тұр. Жағдай соғысқа дейінгі қалыпқа орала ма, әлде Иран бақылауын белгілі бір деңгейде сақтап қала ма?
Осы жайттар бітімді оп-оңай бұза алады, тіпті жағдай бұған дейінгіден де ушығуы ықтимал. Сол себепті, қазір мұны бетбұрыс дегеннен гөрі ахуалдың қаншалық күрделі әрі тұрақсыз екенінің көрінісі деген дұрыс сияқты.
Азаттық: Иран Ливанды бітіммен бірге, ал Вашингтон мен Израиль оны бөлек деп қарастырып жатқанға ұқсайды. Бұл қайшылық шешілмесе, бітім өз күшінде қала ма?
Майнор: Күшінде қалады деп болжау қиын. Иран бітім шартына Ливан кірмейінше шабуылды тоқтатпайтынын ашық білдіріп отыр. Алдағы 24-48 сағат ішінде Пәкістанға барғалы отырған АҚШ келіссөз жүргізушілері Израильдің ықтимал қатысуымен осы қайшылықты шеше ала ма? Мәселе сонда.
Бір ерекшелігі – Иран қорқып отырған тарапқа ұқсамайды. Керісінше, олар батылдана түсіп, бітімді Вашингтон қалауынан гөрі өз шартымен жасауға болады деген көбірек сенетіндей көрінеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
АҚШ пен Иран соғыстың 5 аптасынан қандай сабақ алды?Азаттық: Кей сарапшылар Иранда біртұтас билік жоқ болуы мүмкін дегенді меңзейді. Бұл расымен солай ма, әлде Иран басшылығы әдейі осындай әсер тудырып отыр ма?
Майнор: Мұның екеуі де болуы мүмкін. Иран ұзақ уақыттан бері жергілікті командирлерге шешім қабылдау өкілетін беріп келеді. Олар басшылық құрылымы бүлінген жағдайдың өзінде де жылдам әрекет ете алады. Сондай-ақ, олар ондаған жыл бойы жауапкершілікті өз мойнына алмайтын шабуылдар стратегиясын дамытты.
Біз осындай шабуылдардың жаңа деңгейін көріп отырған болуымыз мүмкін. Менің алаңдатып отырғаны осы. Кемелерге және Парсы шығанағы елдеріне шабуылдар ауырлап барады және бұл эскалация қаупін едәуір күшейтеді.
Азаттық: Демек шабуылды кім жасағаны бұлыңғыр болып, эскалация қаупі жоғары болатын кезеңге өтіп жатырмыз ба?
Майнор: Дәл солай. Иран осы соғыстан кейінгі стратегиясын қайта жасап жатқан тұста төмен деңгейдегі шабуылдарды жалғастырып, жаңа "қызыл сызықтарды" сынап көруі мүмкін. АҚШ, Израиль және өзгелері салыстырмалы түрдегі тыныштық үшін бұған төзімділік таныта ма, әлде қатаң жауап бере ме – мәселе сонда. Бұл көмескілік әсіресе Парсы шығанағы елдерінің экономикасына ауыр тиюі мүмкін. Дубай сияқты жерлер инвестиция, сауда және қаржы ағымы тұрғысынан тұрақтылық орнады деген сенімге тәуелді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Иранның ракетасы азайғанымен нысанаға тию дәлдігі артқан. Себебі неде?ОРМУЗ БҰҒАЗЫ: ҚЫСЫМ ҚҰРАЛЫ
Азаттық: Иран келіссөзге Ормуз бұғазын бақылауға алған ел ретінде кіріскелі тұрғанын ескерттіңіз. Бұл бақылау Тегеранға қандай күш береді?
Майнор: Өте үлкен күш береді. Бұғаз әрдайым "үшінші рельс" саналған және Иран оны бұзуға бара қоймайды деген сенім болды. Бірақ осы соғыс кезінде олар бұл шектен өтті және оны бақылау АҚШ үшін өте қиын екенін көрсетті.
Иран шабуылдарды азайтса немесе кемелер қайта қатынай алатынын (ол үшін ақы талап етуі ықтимал) білдірсе де, келтірілген залал жоқ болып кетпейді. Коммерциялық акторлар сақтық танытып отыр. Қызыл теңізде де осы жағдайды көрдік: шабуылдар басылғанымен, кемі қатынасы шектеулі күйде қалды, өйткені сақтандырушылар мен компаниялар тәуекел еткісі келмеді.
Азаттық: Сонда әлемдік энергетика тасымалының Иранға тәуелді болуы жаңа қалыпқа айнала ма?
Майнор: Иә, меніңше, айналады. Енді Иран әлемдік тасымал тізбектері мен Парсы шығанағындағы көршілерін "қылбұрауда" ұстай алады. Тасымал тізбегі дегенде оған тек мұнай ғана емес, алюминий мен тыңайтқыш сияқты стратегиялық өнімдер де кіреді.
АЛДАҒЫ КЕЛІССӨЗ. ҚАНДАЙ БЕЛГІЛЕРГЕ НАЗАР АУДАРҒАН ЖӨН?
Азаттық: Делегаттар Пәкістанда бас қоспақ. Иран талаптарын күшейтіп, соның ішінде АҚШ аймақтағы күштерін шектеуі керек деп отыр. Тараптар келісімге келе ала ма, әлде бұл уақыт ұту амалы ғана ма?
Майнор: Иранның жеке қарым-қатынастағы талаптары жария талаптарынан ерекшеленуі мүмкін. Қос тарап та күш-қайратын көрсетіп қалуға тырысып жатыр. Бірақ Иран батылдана түсіп, ядролық бағдарлама, зымыран әлеуеті және аймақтағы ықпалы жөнінде соғысқа дейінгіден жақсырақ жеңілдіктерге талпынуы ықтимал.
АҚШ оған қалай жауап береді? Оның қызыл сызықтары қандай? Вашингтон өз одақтастарының қысымына қаншалық шыдас береді? Ол одақтастардың қатарында максималистік мақсат қойып отырған Израиль мен "жаңа қалыптан" қорқып отырған Парсы шығанағы елдері бар. Меніңше, негізгі сұрақтар осы.
Сондай-ақ бұл мәселенің АҚШ-тың өзіндегі ішкі өлшемдері де бар. Онда жанармай бағасы артып, саяси қысым күшейді және алда аралық сайлау келе жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Си Цзиньпин Ирандағы соғыстан қандай сабақ алуы мүмкін?Азаттық: Екі апта тым аз уақыт. Бітім күшінде қалар-қалмасын анықтау үшін қандай белгілерге назар аударар едіңіз?
Майнор: Жеме-жемге келгенде барлығы Ақ үйге келіп тіреледі. Шабуылдардың жалғасуы, кеме қатынасының жанданбауы бітімнің шытынау алдында тұрғанын көрсетеді. Вашингтон бітім іске аспады дей ме, әлде осының бәріне қарамастан оны ұстап тұра ма? Мәселе соған байланысты. Дәл қазір мұны берік немесе тұрақты келісім дей алмаймыз. Бұл – айтарлықтай қысымға ұшырап тұрған әлсіз құрылым.
Азаттық: Ливандағы ахуал мен кейінгі оқиғалар тізбегі тұрғысынан АҚШ бұл келіссөздерде нені "жеңіс" деп санауы мүмкін?
Майнор: Анық жеңіс шеңберін анықтау қиын. Ең қолайлы деген жағдайда Ормуз бұғаз соғысқа дейінгі күйіне оралып, Иран бастапқы келіссөз ұстанымдарына көшеді де, АҚШ-одақтастарына шабуылдауды тоқтатады.
Бірақ осы соғысқа дейінгі қалыпқа оралудың өзі өте ауыр болғалы тұр. Қақтығыстың ауқымы мен салдарына қарасақ, соғыстан кейін жағдай бұдан да жақсырақ болады деген үміт болған сияқты. Бірақ қазір соғысқа дейінгі ахуалға оралудың өзі өте жоғары меже көрінеді.