АҚШ Иран футбол федерациясының басшысына виза бермеген

Иран футбол құрамасы.

АҚШ билігі Иран футбол федерациясының президентіне виза беруден бас тартты. Бұл жөнінде төрт жоғары лауазымды шенеунікке сүйенген The New York Times жазды.

Олардың сөзінше, барлық 26 ирандық ойыншы футболдан әлем чемпионатына қатысу үшін АҚШ-қа виза алған. Алайда оннан астам футбол шенеунігі мен ұлттық құрама қызметкерлері әлі күнге дейін виза ала алмаған. Кейбіріне мүлде берілмейтіні айтылған.

Иран футбол федерациясының президенті Мехди Тадж бұрын ислам революциясы сақшылар корпусының офицері болған. Бұл ұйымды АҚШ террористік ұйым деп таныған. Мехди Тадж ұзақ жыл бойы спорт саласында істеген, ал футбол федерациясына 2016 жылдан бері жетекшілік етіп келеді.

Иранның Fars агенттігі де ұлттық құраманың бірнеше мүшесі әлі виза алмағанын растады. АҚШ-тың Оңтүстік Африка республикасындағы елшілігі X желісінде халықаралық футбол федерациясы чемпионаттың барлық қонақтарына виза алуына көмектесуі керек деп жазды.

Футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Мексика және Канадада өтеді. Иран да оған қатысатынын растаған. Иран құрамасы алғашқы ойынын 15 маусымда Лос-Анжелесте Жаңа Зеландия ойыншыларымен өткізеді.

6 маусымға қараған түні атысты тоқтату туралы режимі күшінде болғанына қарамастан АҚШ пен Иран бір-біріне соққы жасады. Иран әскері Кувейтке жеті ракета жіберді. АҚШ-тың орталық қолбасшылығы алты ракетаны атып түсіргенін, жетіншісі нысанаға тимегенін хабарлады.

Иран да Ормуз бұғазындағы кемелерді дронмен атқылауға тырысқан. Америка әскері Ормуз бұғазындағы жағалау радарларына соққы жасаған. Тараптар бір-бірін "соққы жасауды бірінші бастады" деп айыптады.