Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал.
Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар.
7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға 1960-жылдары арнайы нысандарын тұрғызып, содан бері мұнай экспортында осы шағын аралға тәуелді болып қалған.
Аралдағы терең су айлақтары мұнайды көптеп тасымалдайтын алып танкерлерді қабылдай алатындай етіп жабдықталған.
Трамп әкімшілігіне жақын дереккөз The New York Post басылымына "соғыстың нәтижесіне әсері зор екенін ескерсек", аралды басып алу керек пе дегеннен гөрі "қашан басып аламыз?" деген сұрақ күн тәртібінде тұрғанын айтқан.
Трамп әкімшілігі бұл туралы әлі жария пікір білдірген жоқ.
"Иранның басқа экспорт терминалдары жеткілікті. Тағы бесеуі бар, олардың ішінде Ормуз бұғазының шығысындағы Жаскіде Иранның басты мұнай кеніштерімен 1000 шақырымдық мұнай құбырлары арқылы жалғанған жаңа терминал бар", – дейді Иран мұнайы тарихын зерттейтін сарапшы, Eurasia Group орталығының зерттеушісі Грегори Брю.
Оның айтуынша, Жаск мұнай терминалы мұнайды Ормуз бұғазына кіріптар болмай-ақ экспорттай беру үшін әдейі салынған, яғни дәл қазіргідей жағдайлар болып қалса деп арнайы тұрғызылған дейді сарапшы.
АҚШ осы бір бос жатқан шағын ғана аралға бақылау орнатуға тырысса, Иран Харктағы мұнай терминалын жойып жіберуге күш салуы ықтимал.
"Ирандықтар Харктағы инфрақұрылымды қарсыластың қолына беріп қойғанша, оны жойып жіберуге мүдделі болуы әбден мүмкін", – дейді Брю.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай қадам Вашингтонға – символдық, ал Иранға пропагандалық тұрғыда жеңіс әкелуі ықтимал. Ал мұнай нарықтары одан кейін болатын аласапыранның салдарымен күресуге мәжбүр болмақ.
Брюдің айтуынша, Харкқа АҚШ әскері келген жағдайда оған Иран қарымта шабуыл жасауы әбден мүмкін, себебі арал зымыран мен дрон шабуылынан еш қорғалмаған.
АҚШ пен Израиль ақпанда Тегеранға әуе шабуылын бастағаннан соң Иран Парсы шығанағының өн бойына мұндай қаруын дайындап қойды.
Харк аралын АҚШ әскері басып алған жағдайда бұл Иранның жаңа рухани көсемі Мұжтаба Хаменеиге пропаганда тұрғысынан үлкен олжа болуы ықтимал.
Хаменеи 8 наурызда марқұм әкесінің орнына елдің ең жоғары басшысы қызметіне келді. Оның бұл орынға келуі қаншалық заңды деген сұрақ басқа жақ түгіл Иранның діни басшылығында да біраз дауға себеп болды.
Иран жерін басқа бір ел оккупациялаған жағдайда бұл төтенше жағдай оның позициясын нығайтын, халықты өз айналасына жұмылдыруға мүмкіндік береді.
"Бұдан соң режим Америка мен Израильдің агрессиясына тойтарыс беру дегенді Иранның аумақтық тұтастығын қорғау деген әскери мақсатқа алмастыра алады", – дейді Грегори Брю.