АҚШ Кариб теңізінде Венесуэла мұнайы тиелген жетінші кемені ұстады

АҚШ жағалау күзеті қызметкері теңізде ұсталған Bella танкеріне дүрбі салып қарап тұр. 7 қаңтар, 2026 жыл.

Сейсенбі, 20 қаңтар күні АҚШ әскери күштері Венесуэла жағалауына таяу маңда тағы бір кемені қолға түсірді. Венесуэла мұнайын тиеп алған Sagitta танкері – былтырғы желтоқсан айының басынан бері санкцияларды мойынсұнбай әрекет еткен танкерлерді бұғаттау операциясы аясында АҚШ жағалау күзеті ұстаған жетінші кеме болып отыр.

"Санкцияға ұшыраған кемелерге президент Трамп енгізген шектеуді бұзған кезекті танкердің ұсталуы Венесуэладан заңды әрі келісілген мұнайды ғана шығаруды қамтамасыз етуге деген табандылығымызды айқын көрсетеді", – делінген АҚШ-тың Оңтүстік әскери басшылығы таратқан мәлімдемеде.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, теңізде Либерия туын көтеріп алып жүзген Sagitta танкеріне иелік ететін компания Гонконгта тіркелген. Кеме 2022 жылы Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін енгізілген америкалық санкциялар тізіміне енгізілген. Танкердің қай жерде екенін дәл көрсететін транспондері осыдан екі ай бұрын кеме Балтық теңізінен шыққан кезде белгі бергеннен кейін өшірілген.

Дональд Трамп әкімшілігінің өкілдері тәркіленген мұнайды сатудан түскен табысты Венесуэланың мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіруге пайдалану ниеті барын бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген. Ал сейсенбі күні президент Трамп Америка Құрама Штаттары Венесуэладан алынған 50 миллион баррель мұнайға ие болғанын хабарлап, әлемдік нарықта сатылатын шикізат "мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуіне ықпал етіп отырғанын" айтқан.