АҚШ Киевті Қара теңіздегі мұнай нысандарына соққы жасамауға шақырды

Новороссийскідегі Delta Harmony танкері.

АҚШ мемлекеттік департаменті Украина үкіметіне Киевтің Новороссийскідегі мұнай нысандарына соққылары Американың Қазақстандағы инвестициясына әсер еткендігі жөнінде хабар берді. Бұл жөнінде CNN тілшісіне Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольша Стефанишина айтты.

"Украинаның Новороссийскіге шабуылы Қазақстан арқылы жүзеге асып жатқан кейбір америкалық инвестицияға әсер еткенін естідік. Американың мүддесіне шабуылдаудан аулақ болыңдар дегенді АҚШ мемлекеттік департаментінен естідік" деді Стефанишина. Ол АҚШ мемлекеттік департаментінен ресми дипломатиялық хабарлама алғанын жеткізді.

2025 жылы Украина қарулы күштері Ресей аумағындағы Каспий құбыр консорциумына (КҚК) бірнеше рет шабуылдаған. Бұл құбыр арқылы Қазақстан мұнайының басым бөлігін халықаралық нарыққа шығарады.

Былтыр қараша соңында Украина әскері Новороссийск аумағындағы КҚК инфрақұрылымына соққы жасаған. Шабуылдың салдарынан мұнай айдайтын үш құрылғының бірі істен шыққан. Қазақстан энергетика министрлігі осыдан кейін халықаралық энергетика қауіпсіздігі инфрақұрылымының бір бөлігі болып саналатын құбырға шабуылға жол беруге болмайтынын ескерткен.

Биыл қаңтар айында Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымы маңында екі танкер – Matilda мен Delta Harmony-ға украин дрондары соққы жасаған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі осыдан кейін жағдайға алаңдаушылық білдіріп, халықаралық әріптестерін мұндай нәрсеге жол бермеу амалдарын әзірлеуге шақырған.