АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасындағы дауыс беру нәтижесі бойынша, қорғаныс министрі (әскери министр) Пит Хегсетке импичмент жариялау бастамасын 204 конгрессмен қолдап, 211-і қарсы болды.
Осылайша, бұған дейін республикашыл конгрессмен Томас Мэсси ұсынған импичмент жөніндегі баптар заң комитетінің қарауына жолданды. Іс жүзінде бұл қазіргі Конгрестің өкілет мерзімі аяқталғанға дейін осы мәселе қаралмайтынын білдіреді. Ал Конгрестің жаңа құрамы жұмысын 2027 жылғы қаңтарда бастайды. Қараша айының басындағы аралық сайлаудың қорытындысы бойынша, Конгресстің қос палатасында да көпшілік орынға демократтар ие болды.
Пентагон басшысына импичмент жариялау туралы бастама көтерген Мэссиден өзге республикашылдардың бәрі – арасында Хегсетті сынап жүргендер де бар – импичментті қолдаудан бас тартты. Ал демократтардың басым бөлігі құжатты қолдап дауыс берді.
Президент Дональд Трамп пен Пентагон өкілдері дауыс беру нәтижесін Хегсеттің сөзсіз жеңісі деп бағалады. Конгресстегі дауыс беру басталғанға дейін Хегсет бұл бастаманы "түк шықпайтын далбаса" деп атаған еді.
Президент Трамп атауын ресми түрде "әскери министр" деп өзгерткен лауазым иесі Пит Хегсетке импичмент жариялау туралы бастамада барлығы сегіз айып аталған. Олардың қатарында Иранмен соғыс кезінде билігін асыра пайдаланды деген айып та бар. Мэссидің сөзінше, Хегсет Конгрестің рұқсатынсыз соғыс қимылдарын жүргізген. Ирандағы бейбіт тұрғындардың қаза тапқаны да айтылған. Бұған қоса айыптау құжатында АҚШ-тың Венесуэладағы әскери операциясы және Пентагонның "есірткі тасымалдады" деген уәжбен Кариб теңізінде қайықтарға жасаған шабуылдары заңсыз болды деп көрсетілген.
Республикашылдардың праймеризінде Дональд Трамптың жақтасына жол берген, Ақ үйдің қазіргі әкімшілігін ашық әрі өткір сынап жүрген Мэсси жақында Конгресс құрамынан кетеді.
- АҚШ пен Израиль биыл 28 ақпанда Иранға қарсы әуе шабуылдарын бастаған. Операцияның негізгі мақсаты ретінде Тегеранның ядролық және зымыран әлеуетін жою көзделгені айтылды. Шабуыл барысында Иранның көптеген басшысы қаза тапты. Иран қарымта ретінде Парсы шығанағындағы АҚШ-пен байланысы бар елдерге әуеден соққы беріп, әлемдік отын нарығы үшін стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазын жауып тастады. Соның салдарынан әлемдік нарықта мұнай мен газ бағасы шарықтап кетті. Қазіргі уақытта белсенді ұрыс қимылдары тоқтағанымен, тараптар әлі бейбіт келісімге келген жоқ.