6 тамызда АҚШ Кубаның қарулы күштері министрлігі мен елдің арнайы қызметтеріне шетелден қару-жарақ сатып алуға қатысы бар бес ұйым мен сегіз жеке тұлғаға санкция салды. Мұны АҚШ Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мәлімдеді.
Кубаның коммунистік билігі терроризмге демеуші болып, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр және Қытай, Ресей, Иран сияқты Вашингтонның қарсыластары саналатын елдермен тығыз ынтымақтастық орнатқан деді мемлекеттік хатшы Рубио. Ол жаңа шектеулер АҚШ президенті Дональд Трамптың Кубаға қатысты санкция қысымын күшейтуге мүмкіндік беретін жарлығына сәйкес енгізілгенін айтты.
Санкция тізіміне әскери тікұшақтар мен ұшақтарды, соның ішінде Ресейде шығарылған техниканы жөндеумен айналысатын "Юрий Гагарин атындағы әскери-өнеркәсіп кәсіпорыны" да енгізілді. Бұдан бөлек, қару-жарақ, оның ішінде Ресейден келетін әскери өнімдерді жеткізуге қатысы бар тағы төрт ұйымға санкция салынды.
Жеке тұлғалар қатарында Кубаның қарулы күштер министрі Альваро Лопес Мьера, Бас штаб бастығы Роберто Легра Сотолонго және Кубаның Ресейдегі әскери атташесі Моника Милиан Гомес те бар. Бұларға қоса Қытайдағы әскери атташе, қорғаныс министрлігінің бірқатар шенеуніктері мен әскери кәсіпорындар басшылары санкция тізіміне енгізілді.
Вашингтонның жаңа шаралары Кубаға қатысты қысым күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Трамп әкімшілігі 2026 жылдың басынан бері арал мемлекетіне қарсы санкциялық саясатты қатаңдатып, оның отын импортына іс жүзінде шектеу қойған.
АҚШ пен Куба арасындағы шиеленіс бұған дейін де күшейген. Вашингтон сонымен қатар Кубаның бұрынғы басшысы Рауль Кастроға қылмыстық айыптар таққан.