Америкалық миллиардер Тодд Боэли ресейлік "Лукойл" мұнай компаниясының шетелдік активтерін сатып алу жөнінде келісімге қол қойғанын мәлімдеді. Reuters агенттігінің жазуынша, активтерді Боэлимен бірге АҚШ-тың Халықаралық дамуды қаржыландыру корпорациясы (DFC) кіретін консорциум сатып алады.
Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімі (2016-2020) кезінде құрылған бұл корпорация АҚШ үкіметінің бақылауында. Сонымен қатар консорциум құрамына америкалық Xtellus Partners банкі мен Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан Catena Investment Holding компаниясы енген.
Боэли мен DFC өкілдері келісім аясында "Лукойлдың" құны 10 миллиард доллар болатын бағалы қағаздары компанияның шетелдік активтеріне айырбасталатынын айтқан.
Егер бұл мәмілені АҚШ Қаржы министрлігі мақұлдаса, Вашингтон болашақ пайданың бір бөлігіне ие болады деп жазды Reuters. Дегенмен Боэли консорциумның әрбір мүшесінің капиталдағы үлесін ашып айтудан бас тартқан. Кәсіпкер мәмілені толық аяқтауға бір жылға дейін уақыт кетуі мүмкін екенін айтқан.
- "Лукойл" 2025 жылдың қазанында АҚШ санкциялары енгізілгеннен кейін өзінің шетелдік активтерін сатуға ниетті екенін жариялаған. Қазақстан, Өзбекстан, Ирак, Мексика, Гана, Мысыр және Нигериядағы мұнай кен орындарында үлесі бар компания Еуропадағы үш мұнай өңдеу зауытына, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша, соның ішінде АҚШ-тағы жүздеген жанармай құю станцияларына иелік етеді.
- 2026 жылдың қаңтарында "Лукойл" америкалық Carlyle инвестициялық қорымен келісімге отырғанын хабарлаған, алайда АҚШ билігі мәмілені мақұлдамағандықтан, келісімшарт 2026 жылдың шілде айының аяғында күшін жойған. Қазан айында Carlyle "Лукойл" активтерін сатып алу мәселесін бұдан былай қарастырмайтынын мәлімдеген еді.