АҚШ әскері Иран порттарына баратын теңіз жолын ашып, Ормуз бұғазында кеме қатынасын қалпына келтірді. АҚШ орталық қолбасшылығы (CENTCOM) осылай деп хабарлады.
"Америка әскері Парсы және Оман шығанағында Иран порттары арқылы кемелердің өтуіне кедергі келтірмейді. АҚШ-тың тосқауыл әрекеттері тоқтатылды" деп жазылған хабарламада.
Дегенмен Американың әскери кемелері аймақта Вашингтон мен Тегеран арасындағы келісім шарттарының орындалуын қадағалау үшін қала бермек.
АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнстің айтуынша, кейінгі күндері Ормуз бұғазы арқылы 12,5 млн баррель мұнай тасымалданған – бұл соғыс басталғалы бергі ең ірі көрсеткіш. Оның сөзінше, Иран күштерінің бұғазға шабуылдамағанына екі күн болған.
Вэнстің сөзінше, АҚШ пен Иран өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғаннан кейін түпкілікті келісімді әзірлеу бойынша 60 күндік келіссөз ресми түрде басталған.
Тараптар меморандумға 18 маусымға қараған түні қол қойған. Құжат атысты тоқтатуды, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіруді, екі ел арасындағы даулы мәселелер бойынша келіссөзді жалғастыруды қарастырады.