Өзбекстан азаматтары H-2A бағдарламасы бойынша АҚШ-тың ауыл шаруашылығы саласында 10 айға дейін жұмыс істеуі мүмкін. Бұл жөнінде америкалық USA Farm Labor компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Мануэль Фик Ташкенттегі бірінші халықаралық көші-қон форумы кезінде айтты. Оның сөзінен Өзбекстан сыртқы істер министрлігіне қатысы бар «Дүние» басылымы үзінді келтіреді.
Оның айтуынша, компания Өзбекстан үкіметімен бірлесе отырып, өзбек азаматтарын АҚШ-тың ауыл шаруашылық саласына тарту мүмкіндігін кеңейтуге күш салып жатыр.
"Бұл ынтымақтастық америкалық жұмыс берушілерге жұмыс күші тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі және өзбек азаматтарына шетелде ақша табуға және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді" деді Мануэль Фик.
Оның сөзінше, АҚШ-та жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі, еңбекті қанау мен адам саудасын болдырмауға бағытталған еңбек құқығын қорғау жүйесі жақсы дамыған.
Мануэль Фиктің айтуынша, америкалық жұмыс берушілерге Өзбекстаннан келетін жас, еңбекқор, ағылшын тілінде сөйлейтін білікті мамандар қажет.
Оның пікірінше, бұл ынтымақтастық тек экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, екі ел арасындағы тәжірибе мен кәсіби дағды алмасуды да нығайтады.
Өзбек азаматтары жиі баратын, ресми дерекке сәйкес, шамамен 1,3 миллион өзбек азаматы жұмыс істейтін Ресейде билік көші-қон заңнамасын қатайтқаннан кейін ресми Ташкент жұмыс күші ағынын басқа дамыған елдерге жіберуге күш салып отыр. Бұған дейін өзбек азаматтарын Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Таяу Шығыс елдерінде жұмысқа орналастыру мәселесіне көңіл бөлініп отырғаны хабарланған еді.