АҚШ пен Иран атысты тоқтату режимін тағы 60 күнге ұзартуды және жан-жақты бейбітшілік келісімі бойынша келіссөз жүргізуді көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
"Қол қойылды. Версальда қол қойылды. Қазір ғана қол қойдым", деді Трамп 17 маусым күні Франция президенті Эммануэль Макронмен Версаль сарайында кездескеннен кейін.
Сонымен бірге ол "Иран өз міндеттерін атқармаса, шабуыл қайта жалғасады" деп сес көрсетті.
Құжатқа Иран президенті Масуд Пезешкиан мен АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойды, деп жазды Reuters агенттігі. Екі тарап Тегеранның ядролық бағдарламасы және Иранға салынған санкцияларды алып тастау сияқты әлі де өзара мәмілеге келе алмай отырған мәселелер бойынша екі ай ішінде келіссөз жүргізуге міндеттенген.
Сәрсенбі күні Францияда өткен "Үлкен жетілік" елдері саммиті кезінде АҚШ әкімшілігінің өкілдері журналистерге 14 тармақтан тұратын меморандумды оқып берген. Оған сәйкес, тараптар биыл сәуірде өзара келіскен атысты тоқтату режимін тағы 60 күнге ұзартып, бітім туралы түпкілікті келісімге келу үшін келіссөздер жүргізуге мүмкіндік алады.
Меморандумдағы негізгі тармақтар:
- Аймақтағы соғыс іс-қимылдарының бәрін (арасында Ливан да бар) тоқтату;
- 30 күнде АҚШ Иранның порттарына салынған құрсауды алады және түпкілікті келісімге қол қойылғаннан кейін 30 күнде әскерін Иран шекарасынан әкетуі керек;
- Иран Ормуз бұғазын ашады;
- Иранды қалпына келтіруге 300 млрд доллар бөлу. Егер түпкілікті келісім жасалса, АҚШ аймақтағы әріптестермен бірге Иранның экономикасын қалпына келтіру жоспарын әзірлемек. Ол үшін кемінде 300 млрд долларлық қор құрылмақ;
- Тегеранға бұған дейін салынған санкциялардың бәрі алынады;
- Иран құжатта "ешқашан ядролық қару шығармайтынын" растаған. Тараптар Иранның ядролық бағдарламасына қатысты барлық мәселені түпкілікті келісімде қарауға келісті.
Трамп пен оның қарамағындағы шенеуніктер әзірге бұл меморандум ғана екенін және ондағы шарттар егер Иран "өзін жақсы ұстаса" ғана орындалатынын айтқан.
Биыл 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әуе шабуылдарын бастаған, содан бері осы соғыстың кесірнен мыңдаған адамның өмірін қиды. Қаза тапқандар арасында негізінен Иран мен Ливан тұрғындары көп.
Бұған қарымта ретінде Иран Израильге және АҚШ-тың Парсы шығанағында одақтастарына әуе шабуылдарын жасады. Осы қарулы жанжал басталғаннан кейін Иран Ормуз бұғазын жауып тастап, соның кесірінен әлемде энергетикалық дағдарыс туындаған еді.
АҚШ пен Иран өзара меморандумға қол қойғаны жарияланғанмен, көптеген негізгі мәселелер әлі толық шешілген жоқ. Халықаралық БАҚ санкцияларды алып тастау және экономикалық шараларды жүзеге асыру тараптардың өз міндеттемелерін орындауына және кейінгі келіссөздердің нәтижелеріне байланысты болатынын жазды.
Бұған дейін АҚШ пен Иран шенеуніктері меморандум бейбітшілік орнату жөніндегі түпкілікті шешім емес, келіссөзді одан ары жалғастыруға негіз болатын құжат деп мәлімдеген. Оған қол қойылғаннан кейін тараптарға ұзақ мерзімді келісімнің шарттарын талқылап, мәмілеге келу үшін 60 күн берілді.