АҚШ пен Иран бір-біріне соққы жасады

28 мамырға қараған түні Америка әскері Иранға соққы жасады. Reuters-тің жазуынша, АҚШ әскері әскери нысанға соққы жасап, ирандық төрт дронды атып түсірген. Америка шенеунігінің айтуынша, әскерилер бесінші дронды ұшырмақ болған Бендер-Аббастағы ирандық басқару пунктіне шабуылдаған. АҚШ-тың түсіндіруінше, олар Америка әскері мен Ормуз бұғазындағы коммерциялық кемелерге қауіп төндірген.

“Мұндай қимылдар таза қорғаныс мақсатында болды және атысты тоқтату режимін сақтауға бағытталған” деді ақпарат агенттігінің дереккөзі.

Иранның ақпарат құралдары сол аумақта жергілікті уақыт бойынша сағат 1 жарым шамасында жарылыс естілгенін жазды.

Ізінше Иран Американың әуе базасына соққы жасағанын мәлімдеді. Ислам революциясы сақшылар корпусының мәлімдеуінше, АҚШ-тың Бендер-Аббас әуежайы маңына шабуылдан кейін Иран жергілікті уақыт бойынша 4:50-де Американың әуе базасына соққы жасаған. Сақшылар корпусы қай аймақтағы база екенін нақтыламады. Кувейт әскері бейсенбі күні ракета мен дрондарды атып түсіретін әуе қорғаныс жүйесі іске қосылғанын хабарлады.

АҚШ пен Иран арасында атысты тоқтату режимі сәуір айының басында күшіне енген. Дүйсенбі күні АҚШ “Ормуз бұғазында минаны орнатуға” тырысқан кемелерге соққы жасағанын хабарлаған еді.