АҚШ Иранға қарсы тағы да әуе шабуылын жасады, ал Тегеран бұған қарымта ретінде Вашингтонның Парсы шығанағындағы одақтастарына – Бахрейн мен Кувейтке соққы берді.
АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иран жағалауындағы әуе қорғаныс жүйелерін, зымыран және дрон қоймаларын, әскери-теңіз нысандарын және әскери логистика инфрақұрылымдарын қоса алғанда, шамамен 90 ирандық әскери нысанға шабуыл жасағанын хабарлады.
Мұның қарымтасына Иранның Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) күштері Кувейттегі Арифжан мен Әли әл-Салемдегі, сондай-ақ Бахрейндегі Жуффайр мен Шейх Исадағы АҚШ әскери базаларына шабуылдағанын хабарлады. Тегеран АҚШ шабуылдары жалғасатын болса, Парсы шығанағындағы өзге америкалық әскери базаларға шабуыл жасаймыз деп сес көрсетті.
АҚШ бұған дейін, 7 шілдеде Ормуз бұғазындағы сауда кемелеріне Иранның жасаған шабуылына қарымта ретінде Ирандағы 80 нысанға соққы берген. Кейіннен ИРСК Кувейт пен Бахрейндегі "АҚШ-тың маңызды 85 әскери нысанына шабуыл жасадық", деп хабарлады.
Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп екі ел арасындағы атысты тоқтату режимі енді күшінде емес деп мәлімдеп, Иранмен одан әрі келіссөздерді "уақытты босқа шығындау" деп атаған. Bloomberg мәліметінше, 9 шілдеде Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысы іс жүзінде тоқтаған.
Bloomberg агенттігі Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қатынасы 9 шілдеде іс жүзінде тоқтатылғанын жазды. Кемелерді бақылау деректеріне сәйкес, бұған дейін бұғаздың солтүстік бөлігінде, Иран бекіткен бағыт бойынша бірсыпыра кеме қозғалысы байқалса, қазір қозғалыс саябырсып қалған.