АҚШ пен Иран делегациялары Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтату жөніндегі келіссөз өткізу үшін Пәкістанға барды.
Вице-президент Джей Ди Вэнс бастаған АҚШ делегациясы сенбі, 11 сәуір күні Исламабадқа жетті. Делегация құрамында президент Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф және оның күйеу баласы Джаред Кушнер де бар.
Иран парламентінің спикері Мохаммад Бақер Ғалибаф бастаған Иран делегациясы Исламабадқа жұма күні жеткен. Иран делегациясы құрамына сондай-ақ сыртқы істер министрі Аббас Арақчи, қорғаныс кеңесінің хатшысы Әли Акбар Ахмадиян және Орталық банк төрағасы Абдолнасер Хеммати енген.
Иран парламентінің спикері Мохаммад Бақер Ғалибаф (ортада) бастаған Иран делегациясы Исламабадқа 2026 жылғы 10 сәуірде барды.
Иранның Tasnim агенттігінің мәліметінше, Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөз сенбі күні түстен кейін өтуі мүмкін. "Қазіргі уақытта келіссөз бір күндік форматта жоспарланған", деп жазды басылым.
Бұған дейін Ғалибаф Иран тарабы Ливанда атысты тоқтату және Иранның бұғатталған активтерін босату туралы екі шарты орындалмайынша Пәкістандағы келіссөз басталмайтынын мәлімдеген.
Осыдан кейін көп ұзамай президент Трамп өзінің Truth әлеуметтік желісінде: "Ирандықтар халықаралық су жолдары арқылы әлемдік қауымдастықты қысқа мерзімді бопсалаудан басқа қолдарында дәнеңе жоғын түсінбейтін сияқты" деп жазды.
Израиль мен АҚШ Ливан атысты тоқтату туралы келісімнің бөлігі емес деп отыр. Ал Тегеран бұған керісінше ұстанымда алға тартады.
- Axios басылымы дереккөздерінің хабарлауынша, келесі аптада Вашингтонда Израиль мен Ливан арасында тікелей келіссөз басталмақ. Онда атысты тоқтату мәселесі және келіссөздерді бастау күнін белгілеу жоспарланған. Сонымен бірге Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лейтер Израиль шииттік, Иранды қолдайтын "Хезболла" тобына қарсы атысты тоқтатуға дайын емес екенін айтқан. АҚШ пен Израиль террористік ұйым деп таныған "Хезболла" тобы Ливанда заңды саяси күш ретінде әрекет етеді.
- Осы аптада АҚШ пен Иран екі апталық уақытша бітімге келіскенін жариялаған еді. Трамп Ормуз бұғазында кеме қатынасы қайта жанданса, Иранға шабуылдарды тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген. Ал Тегеран Израиль "Хезболлаға" қарсы операциясын жалғастырса, атысты тоқтату режимінен бас тартуы мүмкін екенін АҚШ-қа ескерткен.
- Израиль наурыз айының басында "Хезболла" мүшелері ел аумағын атқылай бастағаннан кейін бұл топтың нысандарына шабуылдарды қайта жаңғыртты. 9 наурызда Израильдің қорғаныс армиясы Ливанның оңтүстігінде "алдыңғы қорғаныс шептерін күшейту" және Израильдің солтүстіктегі тұрғындарын қорғау мақсатында "құрлықта шектеулі операцияны" бастағанын мәлімдеген.