АҚШ президенті Ресейге санкция салу туралы заң жобасына қол қойды

АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп 18 қыркүйекте бұған дейін Конгресс қабылдаған Ресейге қарсы санкция салу туралы заңға қол қойды. Құжат жоба авторларының бірі шілдеде қайтыс болған Линдси Грэмнің атымен аталады.

Құжатта заң жобасының мақсаты “Владимир Путинді Украинаға қарсы соғысты қаржыландыратын кірістен айыру” деп жазылған.

Ақ үйдің хабарламасында құжат Ресейге қарсы санкция мен шектеулерді, салықты көбейтетіні жазылған, сонымен бірге Иранға қарсы осыған дейін қабылданған шектеуді ұзартады. Заңға қол қойылғаны күшіне енгенін білдіреді. Трамп оған түсініктеме берген жоқ.

Заң жобасы президентке Ресей басшылығына, ірі кәсіпкерлерге, отын-энергетика саласындағы компанияларға, банктерге, “тасадағы флотқа” санкция салу мен күшейту бойынша көп өкілет береді. Президент Ресей мұнайының ірі импорттаушыларының, арасында Қытай мен Үндістан да бар, тауарларына 100 пайызға дейін тариф енгізу құқығына ие болды. Бірақ президент ол өкілетті пайдаланбауы да мүмкін, ал егер санкция заңда жазылса, онда оған түзету енгізе алады.

Қазақстан Американың жаңа санкциясына енген жоқ: оны тізімге тіке енгізу туралы ұсыныс қабылданған жоқ, алайда қабылданған заң белгілі бір критерийлерге сәйкес келетін елдердің тауарына 100 пайыз тариф енгізуге жол ашады. Шектеулер жарты жыл сайын жаңарып отырады.

Кейбір қазақстандық сарапшылар Қазақстан оған енген күннің өзінде елдің АҚШ-қа экспорттайтын тауары өте аз және әдетте, санкцияға ілінбейтін шикізат түрлерін экспорттағандықтан оның әсері аз болады деп санайды.

Батыс елдері Ресейге “санкцияны айналып өтуіне көмектескен” бірқатар қазақстандық компанияны “қара тізімге” енгізген. Ресми Астана Қазақстан өз аумағын санкцияны айналып өтуге жол бермейді деп мәлімдеп, санкция шектеулерін сақтайтынын да айтқан.

Бұған дейін Кремль өкілдері Ресейге санкция салу туралы америкалық заң Украинада бейбітшілік орнату бойынша талпынысты қиындата түседі деп мәлімдеген. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың мәлімдемесін “Интерфакс” жариялады.

“Әрине, құжаттың ілгерілеуін бақылап отырмыз. Бұл достыққа жатпайды және, әрине, АҚШ-тың қосымша санкция салуы Украинада бейбітшілік орнату бойынша талпыныстарды қиындатады” деді Песков.

АҚШ өкілдер палатасы 16 қыркүйекте Ресейге экономикалық қысымды айтарлықтай күшейтуге бағытталған санкция мен салық туралы ірі заң жобасын мақұлдады. Құжатты 262 адам қолдап, 159 адам қарсы болды.