Қазақстан Тегеран мен Вашингтонның бейбіт келісімге келу процесін жылдамдату үшін өз аумағында Иранның байытылған уранын орналастыруды ұсынды. Ал отыз жылдан аса уақыт бұрын АҚШ арнайы ұшақпен Қазақстаннан қару жасауға жарайтын 600 келідей уранды құпия операция ұйымдастырып алып кеткен.
Иран Қазақстанның ұсынысын қабылдап келісетін болса, Өскемендегі Совет одағы дәуірінен қалған Үлбі металлургия зауытында ядролық материал тағы сақталуы мүмкін.
1993 жылы Өскемендегі металлургия зауытының директоры Виталий Метте Қазақстанда жұмыс істеген америкалық дипломат Энди Веберге хабарласады.
Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының қазіргі көрінісі.
Дипломаттың айтуынша, Метте ондаған ядролық бомба жасауға жететін 600 келі байытылған уранды сатып алуды ұсынған. Метте 1981 жылы Совет одағы атом сүңгуір қайықтары жобасын тоқтатқан соң зауытта едәуір уран қоры қалып қалғанын айтқан. Мәскеу бұл уранды ұмытып кетсе керек, кейін Қазақстан тәуелсіздік алған соң Ресейдің Өскемендегі уранға заңды түрде қатысы болмады.
1990-жылдардың басында Иран "бүкіл Орталық Азиядан" совет заманынан қалған ядролық материалдарды іздей бастайды. Осы тұста Вебер Меттенің ұсынысын бірден Вашингтонға жеткізген.
Үлбі зауытындағы уранды арнайы ыдысқа салып жатқан сәт. 1994 жыл.
Ал Ақ үйдің өкілі Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа уранды АҚШ-қа әкету жайлы айтқанда ол қарсы болмапты. Осыдан соң Вебер мен АҚШ-тан арнайы келген атом сарапшылары Өскемендегі Үлбі металлургия зауытына барған.
Үлбі металлургия зауытындағы уранды арнайы ыдысқа салу процесі. 1994 жыл.
Вебер зауытқа барған сәтін суреттегенде: "қолыма металл кесігін ұстаған кезде көзім жайнап кетті, себебі бұл материал бомба жасауға арналғанын білдім" деген еді.
Кейін сараптама қорытындысы металдың 90 пайызы уран-235 екенін анықтап, 1994 жылы қазан айында америкалық 31 техник пен сарапшы уранды алып кету үшін Өскеменге келеді. Осылайша "Сапфир" құпия операциясы басталады. Команда бір ай бойы 581 келі уранды 448 металл ыдысқа салып, Қазақстаннан әкетуге дайындайды. Өскемендегі зауытта Тегеранға жіберілуі керек урандар да табылған. Бұл уранды Иран алмақ болды деген күдікті растай түскен.
АҚШ дипломаты Энди Вебер Өскеменде. 1994 жыл.
1994 жылғы 18 қарашада америкалықтар ядролық материалды жүк таситын үш ұшаққа тиеп, Қазақстаннан алып кеткен.
Өскемен әуежайының ұшу алаңында тұрған америкалық жүк таситын ұшақ, 1994 жыл.
Құпия есепте "Сапфир" операциясы тыныш өткені, бірақ екі тараптан да келеңсіз жайттар болғаны жазылған. Мәселен, зауыттың бір жұмысшысы америкалықтарды "жек көргені", ал америкалық команданың бір өкілі "арақты көп ішіп, бөлмесінде құсып, дәрет сындырғаны", кейін "бөлмесін еден жуушыларға жинатқаны" айтылады.
Өскемендегі уранды америкалық ұшаққа тиеп жатқан сәт. 1994 жыл.
Өскемендегі уранды АҚШ-қа жеткізген соң Теннессидегі кешенге орналастырған. Вашингтон Қазақстанға бұл уран үшін ондаған миллион доллар төленгені айтылады, бірақ нақты төлем сомасы әлі күнге дейін ресми түрде ашық жарияланған емес. Ал уранды АҚШ-қа ұсынған Виталий Метте 1994 жылы қазанда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалған.