АҚШ Ресейдің қорғаныс министрлігіне қарасты бірқатар құрылымға, оларға қоса екі ресейлік компанияға және бес Ресей азаматына қарсы жаңа санкция енгізді. Мұны АҚШ мемлекеттік департаменті хабарлады.
Санкция тізіміне Ресей қорғаныс министрлігінің Бас зымыран-артиллериялық басқармасы, 1061-материалдық-техникалық қамтамасыз ету орталығы, перспективалық мекемеаралық зерттеулер және арнайы жобалар басқармасы, сонымен бірге Ресейдің құрлықтағы әскері енгізілді. Осы құрылымдардың кез-келген құқықтық мұрагері, бөлімшелері мен еншілес кәсіпорындары да санкцияға ілікті.
Бұларға қоса ресейлік International Invest Company және Gedion Alpha Company компаниялары, Ресей азаматтары Александр Приходько, Андрей Гусев, Андрей Косолапов, Владислав Морозик пен Сергей Цибарев та санкция тізіміне енгізілген.
Бұған дейін, шілде айының аяғында АҚШ сенаты Ресей мен Иранға қарсы санкцияларды кеңейтуді көздейтін заң жобасын басым дауыспен қолдаған. Құжат президент Дональд Трампқа Ресей мұнайы мен табиғи газын ең көп көлемде сатып алатын елдерге 200 пайызға дейін кеден бажын енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ заң жобасында Ресейдің қаржы институттарына, саяси элитасына, ірі кәсіпкерлеріне және "тасадағы флотына" қарсы санкцияларды күшейту қарастырылған. Алайда құжат әзірге түпкілікті қабылданған жоқ. Заң күшіне енуі үшін оны сенат пен өкілдер палатасы мақұлдауы керек.