АҚШ Сенаты Кевин Уоршты федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) жаңа басшысы лауазымына бекітті. Оның кандидатурасын 54 сенатор қолдап, 45-і қарсы дауыс берді.
Уоршты бұл қызметке АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған. Қазіргі уақытта ФРЖ басшысы қызметінде отырған Джером Пауэллдің өкілет мерзімі 15 мамырда аяқталады.
Кевин Уорш 2006 жылдан 2011 жылға дейін ФРЖ басқарушылар кеңесінде қызмет атқарған. Сол кезде 35 жастағы ол реттеуші орган басшылығының ең жас мүшесі болған еді. Оның алдында Уорш Morgan Stanley компаниясында жұмыс істеген, кейіннен АҚШ президенті кіші Джордж Буштың экономика жөніндегі кеңесшісі болды.
Bloomberg ФРЖ басшылығының ауысуы кейінгі онжылдықтардағы ең даулы жағдайлардың бірі болды деп жазды Bloomberg. Джером Пауэллді бұл лауазымға 2017 жылы Трамптың өзі ұсынып, оны "мықты, ақылды әрі өте дарынды" деп атаған. Бірақ кейінірек президент Пауэллді пайыздық мөлшерлемелерді жылдам төмендетуден бас тартқаны үшін сынға алып, оны "жайбасар" деп атады.
Федералдық резерв жүйесі АҚШ-тың орталық банкі қызметін атқарады. Ол елдің ақша-несие саясатына жауапты және қаржы жүйесін реттейтін орган. ФРЖ басқарушылар кеңесі сенаттың мақұлдауымен президент тағайындайтын жеті мүшеден тұрады.