АҚШ сенаты Трамптың әскери өкілетін шектейтін қарарды қабылдады

АҚШ сенаты президент Дональд Трампты Американың қарулы күштерін Иранға қарсы соғысқа пайдаланбауға шақыратын бұған дейін өкілдер палатасы қабылдаған қарарды мақұлдады.

Аталған қарардың заңдық күші жоқ және оған президенттің қол қоюы шарт емес.

Bloomberg-тің жазуынша, республикашылдар басым көпшілік болып отырған сенаттың Трамппен сыртқы соғыс бойынша ұстанымдары алшақтаған. Қарарды 50 сенатор қолдап, 48 сенатор қарсы дауыс берген. Құжатты қолдағандар арасында төрт республикашыл бар.

Қарар АҚШ президентіне Конгрестің мақұлдауынсыз Иранға қарсы әскери қимыл жүргізуге рұқсат етпейді.

1973 жылы қабылданған әскери өкілет туралы заңға (War Powers Act) сәйкес, АҚШ президенті Конгрестің мақұлдауынсыз 60 күн соғыс жүргізе алады. Бұл мерзім аяқталғаннан кейін президент не соғысты аяқтауы керек не Конгрестен әскери күш қолдануға ресми түрде рұқсат сұрауы керек. 1 мамырда 60-күндік мерзім аяқталған.

Өткен аптада АҚШ пен Иран арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, тараптар түпкілікті келісімнің шарттарын әзірлей бастаған. Меморандум өзге жайттармен қатар барлық аумақта соғысты тоқтатып, Ормуз бұғазын ашуды қарастырады.