АҚШ сенатында ұлттық барлау қызметінің жетекшісі Тулси Габбард, ФБР директоры Кэш Патель және өзге де лауазымды тұлғалар қатысқан тыңдау өтті. Заң шығарушышылар бірден бірнеше мәселені талқылады – Иранмен соғыс, Украинадағы соғыс және ішкі қауіп-қатерлер.
Габбардтың айтуынша, Иран соққының салдарынан айтарлықтай әлсіреді, бірақ режим әлі де тұрақтылығын сақтап отыр. Дегенмен ол "Тегеран "жақын арада ядролық қауіп төндіруі мүмкін бе еді?" деген сұраққа нақты жауап бермеді.
Сенаторлар президент Дональд Трамп әкімшілігін қоғам алдындағы мәлімдемелері мен барлау деректеріне баға беру арасындағы алшақтықтары үшін сынады. Бұған қоса, Иранға қатысты әскери операциясын негіздеуде ашық болмағандығын алға тартты.
Жуырдағы әскери операцияның салдары жеке талқыланды. Сенаторлар ақпарат құралдарында шыққан мәліметтерді алға тартып, Иран аумағына соққы жасаған кезде даулы немесе ескірген барлау деректерінің қолданылуы салдарынан құрбандар саны айтарлықтай ұлғайғанын атап өтті. Бұған қоса, әкімшілік пен күштік құрылымдар арасындағы келіспеушіліктер, оның ішінде бірқатар шенеуніктің отставкаға кетуі де сөз болды.
Мұндай тыңдау Ақ үйге қысым үдеген шақта өтіп отыр. Конгресс әскери қимыл мен оның стратегиялық мақсаттарын, ықтимал салдарын нақтырақ түсіндіруді талап етеді. Одан бөлек, әкімшілік шешім қабылдауда сүйенген барлау деректерінің негізділігін де дәлелдеуді талап етеді.
Тыңдауда Украина мәселесі де сөз болды. Тыңдауда Америка барлау қызметінің соғыстың барысы туралы деректері мен Киевті қолдау болашағы талқыланды. Бірқатар сенатор Иранмен жағдай ушыққан жағдайда әкімшіліктің назары мен ресурсы Таяу Шығысқа қарай ойысып кеткеніне алаңдаушылық білдірді.
Габбардтың пікірінше, Ресей соңғы уақытта Украинадағы соғыста басымдығын сақтап келе жатыр.
Ол сонымен бірге Ресей АҚШ-тың ғарыштағы мүмкіндігін шектеу үшін ғарыш қорғанысы құралдарын жасап жатқанын айтты. Габбардтың сөзінше, Американың барлау қызметі мұны ғаламдық ғарыш архитектурасының басты қатерлерінің бірі ретіне қарастырады.
Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Мәскеу ғарышта қандай да бір қаруды алып жүруге қарсы екенін айтқан.