АҚШ қаржы министрлігі 28 қазанда Солтүстік Кореяның IT мамандарының алаяқтық схемаларына қатысы бар деп айтылатын 10 адам мен бір ұйымға санкция салды. АҚШ билігінің мәліметінше, санкция тізіміне Ресейдің екі азаматы — Витольд Обертас пен Илья Бойков, сонымен бірге Солтүстік Кореяның сегіз азаматы енген.
АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, Солтүстік Кореяның IT мамандары жалған құжаттарды, ұрланған жеке деректерді және ойдан шығарылған тұлғаларды пайдаланып, америкалық және басқа да шетелдік компанияларға жұмысқа орналасқан.
Олардың табысының едәуір бөлігін Солтүстік Корея билігі тәркілеп, жаппай қырып-жоятын қару мен баллистикалық зымырандарды әзірлеу бағдарламаларын қаржыландыруға жұмсайды. Корпоративтік желілерге қол жеткізген кейбір қызметкерлер құпия ақпаратты да ұрлап, зиянды бағдарламаларды таратады.
АҚШ билігінің дерегінше, Витольд Обертас 2025 жылдың қаңтарынан бері Солтүстік Корея шенеуніктеріне криптовалютаны айырбастау бойынша шамамен 2 миллион долларлық операция жүргізіп, бұдан бөлек, 1 миллион доллардан астам сомаға басқа да валюта операцияларын жасауға көмектескен. Ол бұған дейін АҚШ санкцияларына іліккен Amnokgang Technology Development Company компаниясымен әріптестік орнатқан.
АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, Илья Бойков 2024 жылдан бері Солтүстік Кореямен байланысты Alis компаниясына криптовалютаны айырбастауға, транзакцияларды бақылауға және логистиканы ұйымдастыруға көмектескен. Оның қатысуымен жүргізілген криптовалюта операцияларының жалпы көлемі шамамен 3,5 миллион доллар деп айтылады.
Санкция тізіміне Ресейде орналасқан Бірінші қаржылық-техникалық даму орталығы (FFTDC) да енгізілді. Вашингтонның мәліметінше, бұл ұйым Солтүстік Корея билігіне бағынады және криптовалюта арқылы ақшаны жылыстатумен айналысады. Ресейде жұмыс істеген Солтүстік Кореяның алты IT маманы 2025 жылдан бері осы ұйымға 750 мың доллардан астам табыс әкелген. Олардың барлығы да АҚШ санкциясына іліккен.