АҚШ-та бастауыш мектепте болған атыстан үш бала және бір ересек қаза болды

Көрнекі сурет.

15 қазанда АҚШ-тың Орегон штаты Бенд қаласында 16 жастағы жасөспірім бастауыш мектепте оқ атып, үш бала мен бір мұғалімді мерт қылды. Кейін оны жергілікті тұрғын атып түсірді деп жазды BBC сайты.

Қаза болған балалар 5, 8 және 11 жаста. 7 жастағы тағы бір бала және 54 жастағы мұғалім ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Құқық қорғау органдарының дерегінше, мерген Silver Rail Elementary бастауыш мектебіне кіріп, жабық есікке оқ атқан. Күдікті жөнінде басқа мәлімет жоқ. Оның мектепке қандай да бір қатысы бар-жоғы да белгісіз.

"Мынадай мағынасыз трагедиядан қатты шошынып, жүрегіміз ауырады" деді Бенд мектеп округының жетекшісі Ла-Пайн Стивен Кук.

"Біздің қауым бастан кешіріп отырған қайғыны сөзбен жеткізу мүмкін емес" деді ол.

Полицияның айтуынша, 16 жастағы жасөспірімнің қарумен мектепке кіргенін көрген жергілікті тұрғын оның соңынан жүрген.

Орегон штатының губернаторы Тина Котек "құрбандар санының көбеюіне жол бермей, оқиғаға ерлікпен араласқан" жергілікті тұрғынға алғыс айтты.

Білім мекемелеріндегі атыс – АҚШ-та жиі болатын құбылыс. CNN-нің жазуынша, Бендте болған оқиға – 2026 жылдың басынан бері Америкадағы мектептер аумағында болған 36-атыс.

Мұндай оқиға болғаннан кейін елде қару ұстау мен сақтау құқығы туралы пікірталас қызады. Қаруды ұстауды жақтаушылар мұғалімдер өз-өзін қорғай алуы үшін қару ұстап жүруі керек деп санайды. АҚШ Конституциясына енгізілген екінші түзету қару ұстау және алып жүру құқығын қорғайды.