Адам өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген 50 жастағы америкалық Криста Пайкқа адам өлтіретін инъекцияны екі рет салса да тірі қалды.
Ол ауруханаға жеткізілді деп хабарлады Associated Press. Пайк Теннеси штатында кейінгі 200 жылда өлім жазасы кесіліп, үкім орындалған алғашқы әйел болуы тиіс еді.
Өлім жазасын орындауға бір сағат қалғанда АҚШ апелляциялық соты өлім жазасының орындалуын тоқтатқан. Сот Пайкқа үкім шығарылар кезде "оның бала кезде жыныстық зорлыққа ұшырағаны тиісті дәрежеде ескерілді ме?" деген сұрақты тағы да зерттеуді үкім еткен, алайда бірнеше сағаттан соң АҚШ Жоғарғы соты шешімнің күшін жойды. Осылайша өлім жазасы үкімі қайта қалпына келді.
Теннеси штатының түзеу мекемесі департаменті “өлім жазасын орындау туралы хаттаманың әрбір кезеңін" жүзеге асырған. Бірақ хаттамада тұтқын тірі қалған жағдайда не болатыны жазылмаған.
Штат губернаторы Билл Ли биылға белгіленген барлық өлім жазасын тоқтатып, Пайкқа үкімді орындау кезінде “нақты не болғанын анықтау үшін” жан-жақты тәуелсіз тексеріс жүргізуді қаулы етті.
1995 жылы 18 жастағы Пайк пен оның серігі Тадарил Шипп Коллин Слеммерді өлтірген. Қатігездікпен адам өлтірді деп танылған Пайк өлім жазасына кесілді. Сол кезде 17-де болған оның серігі Шипп өмір бойына түрме жазасын алды. Сот үкімі шыққаннан кейін Пайкқа бұрын өгей әкесі күш көрсеткені, оның екі рет зорланғаны белгілі болды. Оған жарақаттан кейінгі стресс және биполярлық ауытқу деген диагноз қойылған.