АҚШ-тың вице-президенті ирандық делегациямен келіссөз жүргізу үшін Швейцарияға барды

АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс Цюрихқа сапары алдында.

АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс 21 маусымда Швейцарияға барды. Ол онда Пәкістан мен Қатардың араағайындық етуімен ирандық делегациямен келіссөз жүргізеді.

Келіссөз Бургеншток қаласынде өтеді. Иран мен араағайындық ететін елдердің өкілдері де жеткен.

Бұған дейін Иран Израильдің Ливанды атқылауын тоқтатпағанына жауап ретінде Ормуз бұғазын жабатынын мәлімдеген еді. Алайда Вэнс ұшаққа мінер алдында Иран бұғаздан кемелердің өтуіне кедергі жасап жатқаны жөнінде ақпарат әзірге расталмағанын айтқан.

Ирандық делегацияға парламент спикері Мұхаммад Галибаф жетекшілік етеді. Оған сонымен бірге Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи қатысады. Америкалық делегацияның құрамында президенттің арнайы уәкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер де бар. Олар Швейцарияға осыған дейін жетіп алған. Швейцарияға сонымен бірге Пәкістан премьері Шехбаз Шариф пен фельдмаршал Асим Мунир да барған.

Вэнстің сөзінше, келіссөз бірнеше күнге созылуы мүмкін және онда екі мәселе – Иранның ядролық бағдарламасы және Ливандағы жағдай талқыланады.

Осы аптада қол қойылған меморандум әскери қимылды тоқтатуды, оның ішінде Ливандағы соғысты да доғаруды қарастырады, сонымен бірге ядролық бағдарламаны талқылау үшін 60 күн уақыт береді. Осы уақыт аралығында Ормуз бұғазы ашық болуы керек.

Иран Израиль өз әскерін Ливаннан әкетуі керек деп санайды. Израиль атысты тоқтатуға дайын болғанмен әскерін өзі басып алған аумақтан әкетуден бас тартқан. Тель-Авив елдің солтүстігін атыстан қорғау үшін осылай істеуге мәжбүр екенін айтады. АҚШ әкімшілігінің өкілдері, Вэнс те, кейінгі күндері Израильді атысты тоқтатпағаны үшін сынаған. Израиль "Хезболланың" соққысына жауап беретінін айтады.