АҚШ Украинадағы соғысқа Қытай азаматтарының қатысып жатқаны туралы ақпаратқа алаңдайды

Тэмми Брюс

Қытайға қарсы тұру – президент Трамптың сыртқы саясатындағы басымдықтарының бірі.

АҚШ Украинадағы соғыста Қытай азаматтарының Ресей жағында соғысып жатқаны туралы ақпаратқа алаңдайды деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс.

"Қытай сарбаздарының тұтқынға алынғаны алаңдатады. Қытай – Украинаға қарсы соғыста Ресейді демеп отырған басты мемлекет. Қытай Ресейге соғысты жалғастыру үшін қажет қос мақсаттағы тауарлардың 80 пайызға жуығын жеткізеді" деді АҚШ мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс.

Ол қытайлық навигация құралдарын, жартылай өткізгіштер мен ұшақ бөлшектерін мысалға келтірді.

"Осы екі ядролық держава арасындағы ынтымақтастықтың жалғасуы халықаралық тұрақсыздықты тереңдете түседі" деді Тэмми Брюс.

Сарапшылардың айтуынша, Киев Қытай азаматтарының Украинадағы соғысқа қатысып жатқаны туралы мәліметті алғаш рет айтып отыр. Мәскеумен тығыз қарым-қатынас орнатқан ресми Пекин Ресейге көмектесіп отырғанын мойындамайды.