АҚШ кейінгі апталарда Венесуэламен байланысты тағы бір, яғни алтыншы мұнай танкерін – бұл жолы Veronica кемесін ұстаған. Осындай операция жүргізілгенін АҚШ қарулы күштерінің Оңтүстік қолбасшылығы хабарлады.
"Венесуэладан заң талаптарына толық сай келетін әрі тиісті тәртіппен тасымалданатын мұнай ғана шығарылатын болады", – делінген ресми мәлімдемеде.
Veronica танкері теңізде Гайана туын көтеріп жүрген және кейінгі жолы осыдан 12 күн бұрын Венесуэла жағалауы маңында тіркелген деп жазды The Guardian басылымы. Reuters агенттігі дереккөздерінің мәліметінше, танкер Кариб теңізінде қолға түскен.
Кеме АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла оппозициясы лидері Мария Корина Мачадомен кездесер алдында ұсталған деп жазды Reuters.
Осы уақытқа дейін қолға түскен кемелердің барлығы не АҚШ санкциясына іліккен, не болмаса Иран, Ресей я Венесуэла сынды санкцияға ұшыраған елдердің мұнайын тасымалдау үшін өз шығу тегін жасырып ұстайтын, "тасадағы флот" деп аталатын топқа жататын кемелер құрамында болған.