АҚШ және Украина басшылары БҰҰ Бас ассамблеясы аясында кездесті

АҚШ және Украина басшылары. Нью-Йорк, 22 қыркүйек 2026 жыл.

АҚШ және Украина басшылары Дональд Трамп пен Владимир Зеленский Нью-Йоркте БҰҰ-ның Бас ассамблеясы аясында кездесті.

Келіссөз басталмай тұрып журналистер Трамптан “Украина өз жерін қайтара алады деп санайсыз ба?” деп сұрады. Бір жыл бұрын БҰҰ Бас ассамблеясында Трамп бұл мүмкін екенін айтқан.

“Олар келісім жасайды деп ойлаймын. Қандай келісім болатынын айтқым келмейді” деді Трамп.

АҚШ басшысы Украина әскері мен билігінің әрекетін жоғары бағалады.

“Олардың жақсы жауынгер екеніне таласым жоқ. Шын. Олар мақтана алады. Өте, өте қабілетті адамдар, өте қабілетті басшылық” деді Трамп.

Украинаның Ресей мұнай өңдеу зауыттарына соққысы туралы сұраққа жауап берген Трамп Украина қарулы күштері Ресейге айтарлықтай шығын келтіргенін айтып, бір мезетте шабуылға байланысты дизель отыны қымбаттап кеткенін де мойындады.

"Бірақ ол жөнінде сөйлесетін боламыз. Бұл, әрине, Ресейге өте ауыр шығын келтірді" деді АҚШ президенті.

Трамп сонымен бірге Ресей басшысы Владимир Путин мен Украина басшысы Владимир Зеленский соғысты аяқтағысы келеді деп санайтынын жеткізді.

Британ журналистері Трамптан Ұлыбритания мен Ресей арасында кикілжің туындауы мүмкін бе деп сұрады. "Менің ойымша, сіздерде бәрі жақсы болады" деді ол. Трамп Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Кир Стармердің Ресейге қатысты риторикасы өте қатаң болғанын атап өтті.

Бұдан соң АҚШ және Украина басшылары ақпарат құралдарынсыз келіссөзді жалғастырды.

Келіссөзден кейін Владимир Зеленский Украина егер Мәскеу де оған ынта білдірсе, энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасауды доғару жөнінде Ресеймен келісімге келуге дайын екенін мәлімдеді.

Зеленский сонымен бірге Украина өзінде "Пэтриот" жүйесін шығаруға лицензия алғысы келетінін де жеткізді.

"Президенттен осы процесті жеделдетуге көмектесуін сұрадық. Ол лицензия мәселесіне оң қарайды" деді Зеленский.

Оның сөзінше, Украина тиісті рұқсат алғаннан кейін тиісті жобаны бастай алады, бірақ өндірісті іске қосуға біраз уақыт кетеді.

Зеленский сонымен бірге Трамп АҚШ, Украина және Ресей басшыларының үшжақты кездесуін ұйымдастыруы мүмкін екенін айтты.

"Мен Путинмен кез келген уақытта кездесуге дайынмын" деді Украина басшысы.

Ол сонымен бірге соғысты "тарихи себептермен" түсіндіру талпынысын қатаң айыптады.

"Адамдар соғысты тоқтату туралы айтып, сонымен бірге тарихи себептерін талқылағанда, бұл шын мәнінде мағынасыз нәрсе. Егер соғысты тоқтатқыңыз келсе, оны бастамайсыз. Егер мәселені шешкіңіз келсе, оны шешесіз" деді Украина басшысы.

Владимир Путин туралы айтқан Зеленский Ресей басшысы соғыста жеңіске жете алмағандықтан да ол өзінің "табысын" Ресей қоғамына басқа жолмен көрсетуге мәжбүр деді.

"Путин соғыста жеңіп жатқан жоқ. Ол үшін бұл мәселе, себебі ол қоғамға бірдеңе көрсетуі керек. Мәселе бізде емес, америкалықтарда емес, украиналықтарда емес. Ол ешкімді құрметтемейді. Ол тек ресейліктерді ойлайды. Өз халқынан қорқады" деді Зеленский.

Сейсенбі, 22 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында Трамп Ресейге қарсы қатаң санкция мен тариф енгізу өкілетін қолдануға дайын екенін мәлімдеді.

"Өткен аптада сенатор Грэмнің құрметіне орай Конгресс қабылдаған жаңа әрі өте маңызды заңға қол қойдым. Бұл құжат тариф енгізу саласында маған зор өкілет береді және егер қажет жағдайда, оны пайдалануға мәжбүрмін" деді АҚШ басшысы.