АҚШ Жоғарғы соты Трампқа ФРЖ мүшесін қызметтен алуға рұқсат бермеді

АҚШ президенті Дональд Трамп

29 маусым күні АҚШ Жоғарғы соты президент Дональд Трамптың тәуелсіз мекемелер мүшелерін қызметтен босату құқығын растады. Бірақ сот АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) басқарушылар кеңесінің мүшесі Лиза Кукті қызметінен босатуға тосқауыл қойды. Бұған қоса, Жоғарғы сот поштамен жіберілген бюллетеньдерді дауыс беру күні өткеннен кейін де санауды заңды деп таныды. Бұған дейін Трамп әкімшілігі бұлай санауға қарсы болған еді.

Трамп 2025 жылдың тамызында Лиза Кукті қызметінен босатуға әрекеттенген. Ал Кук болса пайыздық мөлшерлемелерді белгілеу кезінде "саяси қысымға бағынудан бас тартқаны" үшін өзіне қарсы Ақ үй "ойдан шығарылған сылтауды" пайдаланып жатқанын мәлімдеген.

Жоғарғы соттың төрағасы Джон Робертс президент заңда белгіленген рәсімді бұзған және шенеунікке өзін қорғауға мүмкіндік бермеген деп айтты. Ол ФРЖ басшылары 14 жыл мерзімге тағайындалатынын, ал оларды дәлелді және салмақты себептер болған жағдайда ғана мерзімінен бұрын қызметтен шеттетуге болатынын еске салды.

Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Жоғарғы соттың Куктің шағымына қатысты шешімі "тек процесстік себептерге байланысты" қабылданғанын айтып, "дереу тиісті шаралар қабылдайтынын" мәлімдеді. Енді бұл іс төменгі сатыдағы соттарда қаралмақ.

Бұған қоса басқа бір іс аясында Жоғарғы сот судьялары президент Трамптың Федералдық сауда комиссиясының мүшесі Ребекка Слотерді қызметінен босатуын заңды деп таныды. АҚШ президенті мұны "орасан зор жеңіс" атады.

Жоғарғы сот қабылдаған тағы бір қаулыда Республикалық партияның Миссисипи штатының сайлау заңнамасына қарсы түсірген шағымы қанағаттандырылмайтыны айтылған. Сот сайлау комиссиялары ресми дауыс беру күні өткеннен кейін бес күн ішінде поштамен келген бюллетеньдерді, егер олар уақытында жіберілген болса, қабылдап, есепке алуын заңды деп таныды.

Осы шешімге пікір білдірген Трамп сайлаушыларды фотосуреті бар жеке куәлік пен азаматтығын растайтын құжат көрсетуге міндеттейтін және пошта арқылы дауыс беруге тыйым салатын заң қабылдауға шақырды.

Бұдан бөлек, АҚШ Жоғарғы соты Трамптың жазушы әрі журналист Джин Кэрроллға қатысты сексуалдық сипаттағы қысым көрсету ісі бойынша берген апелляциялық шағымын қараудан бас тартты. Президент 2023 жылғы сот үкіміне қарсылық білдіруге тырысқан еді. Ол үкімге сәйкес, Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында Кэрроллдың айыптауларын өтірік деп атағаны үшін оған бес миллион доллар төлеуге міндеттелген-ді. Сот 2023 жылдың мамырында Трампты Кэрроллға сексуалдық сипаттағы қысым көрсетті және оған жала жапты деп танып, жазушыға шамамен бес миллион доллар өтемақы төлеуді міндеттеген.

"Таңғаларлығы, Жоғарғы сот мен ешқашан кездеспеген әйелдің менің үстімнен жазған арызы бойынша қозғалған жалған істі қараудан бас тартты (ондаған жыл бұрын атақты адамдардың қолтаңба беру рәсімінде түсірілген, мен оның күйеуінің жанында тұрған сурет есепке алынбайды!)", – деп жазды Трамп әлеуметтік желіде. Ол сондай-ақ "күресті жалғастыратынын" мәлімдеді.