Ақтау портындағы жемқорлық ісі: сот үкімі оқылды

Ақтау порты. Көрнекі сурет.

Ақтауда теңіз портындағы жемқорлық ісіне қатысты сот үкімі оқылды. Сот порттың бұрынғы президенті Абай Түрікпенбаев пен тағы үш адамды кінәлі деп таныды деп жазды Bes.media сайты.

Сот Абай Түрікпенбаевты 2 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі төмен колонияда өтеуге жіберді. Бірақ оның тергеу изоляторында отырған (2025 жылдың сәуір айынан бері) "бір күні екі күн болып есептеліп", сот залынан босатылған. Ол түрме жазасын өтеген болып танылған.

Сайттың жазуынша, Ахмад Мустафинге (экс-директор) 4,5 жыл түрме берілді, ол қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді. Мақсат Нұркен мен Бақытбек Бақтыбаевтың бостандығы 1 жылға шектелді, олар пробациялық бақылауда болады. Сот үкімі бойынша, барлық сотталушы өмір бойы мемлекеттік қызмет, квазисектор, сот пен ұлттық банкте қызмет атқара алмайды.

Ахмад Мустафиннен 2 млрд теңгеден астам қаражат өндірілген. Қалған сотталушы 3,6 млн теңге төлеуі керек. Ақша Ақтау порты мен мемлекетке өндіріп берілмек.

Сайттың жазуынша, Түрікпенбаевтың адвокаты Радик Өмірболат үкімді "заңсыз, негізсіз әрі әділетсіз" деп атап, апелляциялық шағым түсіретінін айтқан.

"Процесте болған нәрселерді менің ойымша, әділ сот деуге келмейді. Қорғау жағының маңызды уәждері тиісінше бағаланбады және дәлелдемелердегі қайшылықтар жойылған жоқ. Үкімге шағымданып, оның күшін жоюды талап етеміз" деді адвокат.

Қазақстанның батысында "Ақтау теңіз сауда порты" ұлттық компаниясының президенті ұсталғаны былтыр белгілі болған.

Абай Түрікпенбаев стратегиялық нысанға 2017 жылдан бері жетекшілік еткен. 2025 жылы желтоқсанда көлік министрі Нұрлан Сауранбаев әріптесін қолдап, оның Каспийдің дамуына "теңдессіз" үлес қосқанын айтқан. Ол қылмыстық өндірісті "жақсы емес оқиға" деп атап, оған сот нүкте қоятынын жеткізген.

Ақтау теңіз порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында бірнеше халықаралық көлік дәлізінің қиылысында орналасқан және Иран, Түркия, Ресей және Әзербайжан бағытында шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және кері қарай жылына 12 ай және тәулігіне 24 сағат жүк тасымалын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Түрікменстанмен де біршама жүк айналымы бар.