Ақтауда жаңаөзендік белсенді Мұратбай Жұмағалиев ұсталды. Ақпаратты туыстары және құқық қорғаушы Инга Иманбай растады.
Ақпаратқа қарағанда, ол "есірткі" бойынша күдікке ілінген. Әлеуметтік желіде тараған видеода қара киген арнайы жасақтың белсендіні ұстағаны көрінеді. Видеолардың бірінде белсендінің "қалтама салып жіберді мыналар. Подстава жасап жатыр" деген сөзі естіледі. Ал жанындағы адам "мен саған қолымды да тигізбедім" дейді. Жақындарының айтуынша, видео Ақтаудағы белсендінің пәтерінің маңында түсірілгенге ұқсайды.
Адвокаты Айгүл Айжарықованың Азаттыққа айтуынша, кеше түнде өте кеш белсендіге кіріп шыққан.
"Есірткі деп оған жала жауып отыр. Тергеуден бас тартқанбыз. Енді бүгін қазір барайын деп отырмын. Ол мойындамайды. "Қолдан ұйымдастырылған іс" деп отыр. Оның қалтасында болғанын дәлелдейтін видео жоқ. Тек қалтасын тексергеннен кейін ғана барып түсіре бастаған" дейді адвокат.
Оның сөзінше, қазір сараптама тағайындалған.
"Неге екені белгісіз, олар сенімді түрде апиын дейді. Мен айтамын "сіздер оны қалай сенімді түрде айтып отырсыздар, ол мүмкін марихуана немесе укроп шығар дедім. Бұл қолдан ұйымдастырылған іс екені анық" деді адвокат Азаттыққа.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибадуллақызы 4 маусымда сағат 16 шамасында Азаттық тілшісіне аталған ақпаратқа орай сәлден соң хабарлама тарататынын айтты. Жаңалық жарияланғанға дейін хабарлама келген жоқ.
Туыстары мен достары қоғамдық мәселелерді ашып айтып жүрген белсендіге кейінгі кезде провокация жасалуы мүмкін екеніне алаңдағанын айтады. Мамырда Жұмағалиев Адам құқығын қорғау бюросында "өзіне жасалған арандату" әрекеті туралы айтқан еді.
Мұратбай Жұмағалиев – Жаңаөзенде қоғамдық мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенділердің бірі. 2022 жылы белгісіз біреулер оны ұрып кеткен еді.
Бірнеше жыл бұрын ол өзге мұнайшылармен бірге Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанда болған қанды оқиғаны қайта тергеуді талап етіп, президент әкімшілігіне хат тапсырған.