Ақтөбе әкімдігі мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік құқығы мәселелеріне арналған митингке рұқсат беру туралы шешімнің күшін жойды. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Мұсағали Дауылов желіде хабарлады. Бұған дейін Ақтөбе әкімдігі белсенділерге 3 желтоқсанда Ақтөбенің Астана ауданындағы "Авиатор саябағында" сағат 10:00-ден 11:55 аралығында митинг өткізуге рұқсат берген еді.
Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Әсет Оралбаевтың хатында "Aqtobe Su-Energy Group АҚ апаттық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқандықтан, көрсетілген аумақта бейбіт жиын өткізу мүмкін емес" екені жазылған.
"Қазіргі жағдайға байланысты Ақтөбе қаласының әкімдігі 14 қазандағы №762 қаулының күшін жою туралы қаулы шығарды" деп жазылған әкімдіктің хатында.
Әкімдік хатта "жоспарланған шараларға байланысты" бейбіт жиынды басқа орында, басқа уақытта өткізу мүмкін емес екенін де жазған.
Бұған дейін 3 желтоқсанда өтеді делінген шарада қатысушылар азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауды, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мәселесін, сонымен бірге демократиялық реформаны жүргізуді қозғайтынын айтқан еді.
Олар мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта құру, инклюзивті білім, сапалы медициналық көмек, реабилитация және әділетті әлеуметтік жәрдемақы тағайындау, тең еңбек жағдайымен қамтамасыз ету, лайықты жалақы, баспана мәселесін көтеретінін жеткізген. Олар сонымен бірге мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ашық диалог орнату мәселесін де айтпақ болған.
"Біздің мақсатымыз - еліміздегі адами қадір-қасиет пен әлеуметтік әділеттілікті анықтайтын мәселелерді ашық, заңды және өркениетті түрде қозғау" деп жазған еді Дауылов.
Қазақстан билігі елде "бейбіт жиын өткізу үшін азаматтардың рұқсат сұрауы міндетті емес" деп биік мінберлерде мәлімдегенмен іс жүзінде "рұқсат етілмеген митингілерге" барған азаматтар ұсталып, көп жағдайда әкімшілік жазаға тартылады. Халықаралық ұйымдар азаматтардың бейбіт жиналу құқығы бұзылып жатқандығын жиі айтады.
Human Rights Watch 2026 жылға әлемдік есебінде "Қазақстан билігі сөз бостандығын, бірлесу және бейбіт жиналу еркіндігін қатаң шектеп отыр" деп жазған. Елде билік орындарының жауаптылығы, сот төрелігі, пікір айту, бейбіт жиналу еркіндігі бойынша мәселелер бар, билікке сын айтатындар мен құқық қорғаушыларды қудалау жалғасып жатыр деп жазған.