Ақтөбе облысы әкімдігіндегі өрт сөндірілді, ол неден шыққаны әлі белгісіз

Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратында шыққан өртті сөндіріп жатқан төтенше қызмет өкілдері. 7 сәуір, 2026 жыл. ТЖМ баспасөз қызметі таратқан сурет.

Ақтөбеде облыс әкімдігі ғимаратында шыққан өрт толық сөндірілді, деп хабарлады Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі. Оның мәліметінше, өртті жою жұмыстары 7 сәуірде сағат 22:00-ден кейін толық аяқталған. Өрт шамамен 300 шаршы метр аумақты қамтыған.

Алдын ала дерек бойынша, 7 сәуір кешке Ақтөбедегі Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан алты қабатты әкімшілік ғимаратының шатырында өрт шыққан. Суыт хабар түскеннен кейін бес минут ішінше оқиға орнына жеткен құтқарушылар нысанда бірден үш бірдей өрт ошағы барын байқаған. Өртті сөндіруге 80-нен астам қызметкер мен 30-ға жуық техника жұмылдырылған.

ТЖМ мәліметінше, қою түтін, жоғары температура, жалынның жылдам таралуы және ғимарат құрылысының ерекшеліктері өртті тезірек сөндіруді қиындатқан. Әйткенмен, ТЖ қызметкерлері өрттің ғимараттың басқа қабаттарына таралуына жол бермеген.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, өрт шыққан кезде жұмыс күні аяқталуға жақын қалғаны себепті, ғимарат ішінде тек күзет қызметкерлері ғана болған, деп жазды Tengrinews сайты. Билік өкілдері өрттен ешкім зардап шекпегенін, құжаттар мен мүлік те бүлінбегенін айтқан.

Өңір басшысы әлдекімдер қасақана от қойған болуы мүмкін деген жорамалды жоққа шығарды. Өрт оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, өрттің шығу себептері анықталып жатыр.