Ақтөбе облысында бұрынғы әкім өлі күйде табылды

Ауыл әкімдігінің ғимараты. Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысында Кеңқияқ ауылдық округының бұрынғы әкімі Қуанышбек Серікжанов өлі күйде табылды. Бұл жөнінде жергілікті ақпарат агенттіктері жазды.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 4 мамырда шенеунік қызметтен кету туралы өтініш жазған. Ертесінде қызметінен ресми түрде босатылған.

Ал 6 мамырда бұрынғы әкім Кеңқияқ ауылындағы үйінде өлі күйінде табылған. Полицияның хабарлауынша, 42 жастағы ер адамның өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Әкімдіктің ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, Қуанышбек Серікжанов 1983 жылы 20 ақпанда дүниеге келген. Еңбек жолын 2005 жылы "Тұран Әлем банкінің" Ақтөбе филиалында несиелеу бөлімінің маманы болып бастаған. Кейін өзге де қаржы мекемелерінде істеген. 2014 жылдан бері мемлекеттік қызметке келген. 2023 жылдан бері ауылдық округты басқарған.