Ақтөбеде газ құю бекетінде көлік өртеніп, үш адам қаза болды

20 маусымға қараған түні Ақтөбеде газ құю бекетінде көлік өртеніп, үш адам қаза болды, екеуі кәмелетке толмаған. Тағы бір адам ауруханаға жатқызылған.

"Өрт сөндіру кезінде көлік ішінен үш адамның денесі табылды. Екеуі кәмелетке толмаған. Тағы бір адам ауруханаға жеткізілді" деп хабарлады Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның хабарлауынша, түнде қаладағы Бөгенбай батыр көшесіндегі газ құю бекетіне барған көлік өртеніп, ізінше жарылған.

"Жарылыс қаупi бар нысандарда қауiпсiздiк қағидаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Газ құю бекетінің иесі ұсталып, изоляторға қамалған.

Қазір оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, жыл басынан бері Ақтөбе облысында осыған ұқсас үшінші оқиға болып отыр.