Ақтөбеде курсант қазасына байланысты екі әскери қызметкер сотталды

Ақтөбедегі әскери гарнизон соты

10 сәуір күні Ақтөбе облыстық әскери соты парашютпен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан курсант ісі бойынша екі әскери қызметкерді "қызмет міндетіне салғырт қарағаны үшін" кінәлі деп таныды.

Сот үкіміне сәйкес, Нұржан Айденов 4 жыл 6 айға, ал Заманбек Төлеген 5 жылға бостандығынан айрылды. Сот залында қамауға алынған екеуі жазасын қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде өтейтін болды. Бұған дейін прокурор судьядан екі айыпталушыны да 5 жылға қамауды сұраған.

Бұған қоса сот Қазақстанның қорғаныс министрлігін жәбірленуші тарапқа 20 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.

Алғаш рет парашютпен секірген жас курсант екі әскери қызметкердің салғырттығы салдарынан мерт болғанын, жәбірленуші тараптың айыпталушыларды кешірмегенін атап өткен судья Айдана Мәмбетқазиева сот жәбірленушілердің қатаң жаза тағайындау туралы талабын ескергенін айтты.

Соттағы соңғы сөзінде екі сотталушы да өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Нұржан Айденов парашютті жинаған адам мен қойма жетекшісінің әрекетіне құқықтық баға берілмегенін, "дайын емес парашютті қалай берген?" деген сұрақ жауапсыз қалғанын айтқан.

Дәл осындай уәж келтірген Заманбек Төлеген де курсант қазасына өзін негізгі себепкер санамайтынын мәлімдеген.

Былтыр шілде айында Ақтөбеде парашютпен секіру бойынша оқу-жаттығу кезінде Талғат Бигелдинов атындағы Әуе күштері әскери институтының курсанты қаза тапқаннан кейін Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бабы (лауазымды адамның қызметке салғырт қарауы салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекет) бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Тергеу аясында екі әскери қызметкер – майор Нұржан Айденов пен сержант Заманбек Төлеген күдікті деп танылған.

Сот отырысы барысында айыпталушылардың қорғаушылары істі қосымша тергеуге қайтаруды сұраған, бірақ сот олардың өтінішін орындамады.