Қазақстанның халық жазушысы, ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 19 сәуірде Алматыдағы ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы жергілікті ақпарат көздері хабарлады.
1942 жылғы 2 шілдеде қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген Мұхтар Шаханов еңбек жолын тракторшы болып бастап, кейін Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған.
Мұхтар Шаханов советтік Қазақстанда поэзия, проза және драматургия салаларында туындыларымен көпшілікке танылды, оның шығармалары 40-тан астам тілге аударылған.
Совет одағында билік басына Михаил Горбачев келуімен басталған өзгерістер кезінде Қазақстанда болған әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін, сол кезде "Жалын" әдеби альманағын басқаратын ақын Мұхтар Шаханов көпшілікке жаңа қырынан танылды.
1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің Қазақ ССР-іне Ресейдің ішкі облысынан бейтаныс адамды әкеп республикаға басшы етіп тағайындауына келіспей, Алматыда бас көтерген қазақ студент және жұмысшы жастарының бейбіт наразылығын билік қатыгездікпен басып-жаншып, қудалауға салды. Жүзге жуық адам сотталды, олардың екеуі ату жазасына кесілді. Көптеген азамат оқудан шығарылып, жұмыстан қуылды.
Желтоқсан оқиғасының шындығын ашу жолында Мұхтар Шаханов шешуші рөл атқарды. 1989 жылы Совет одағы халық депутаттарының бірінші съезінде ол бұл мәселені алғаш рет одақ деңгейінде ашық көтеріп, «қазақ ұлтшылдығы» деген ресми бағаға қарсы шықты. Съездегі сөзінде Шаханов Алматыда бейбіт шеруге шыққан жастарды билік арнайы құралдар пайдаланып, әскери жасақтың күшімен басып-жаншығанын нақты деректермен келтірді.
Мұхтар Шаханов СССР халық депутаттары бірінші съезінде Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы мәлімдеме жасап тұр. (Видеодан скриншот.)
Оның бастамасымен 1989 жылы Желтоқсан оқиғасын зерттейтін арнайы комиссия құрылып, Шаханов оның төрағасы болды. Комиссия жұмысы барысында бұрын құпия сақталған көптеген материалдар көпшілікке жария етілді. Зерттеу нәтижесінде 8 мыңнан астам адамның ұсталғаны, мыңдаған адамның тергеуге тартылғаны, 90-нан астам азаматтың сотталғаны анықталды. Сонымен қатар жүздеген студент оқудан шығарылып, көптеген адам жұмыстан қуылғаны жөнінде нақты деректер жарыққа шықты.
Комиссия құқық қорғау органдарының іс-әрекеттерін тексеріп, заңсыз ұстаулар мен тергеу барысында қысым көрсетілгенін дәлелдеді. Бейбіт шерушілерге күш қолдану фактілері, сот процестерінің әділетсіз өткені туралы деректер ресми түрде тіркелді. Комиссияның жұмысы Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға тағылған айыптардың саяси сипатта болғанын көрсетуге мүмкіндік берді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Желтоқсан оқиғасын алғаш еске алу. Билікті иліктіру және көрінбейтін күресКомиссия қорытындылары негізінде бұрын сотталған азаматтардың істері қайта қаралып, олардың көпшілігі ақталды. Сонымен қатар оқиғаға берілген саяси баға өзгертіліп, ол «ұлтшылдық әрекет» емес, демократиялық сипаттағы наразылық ретінде қарастырыла бастады.
Шаханов бұл процесте саяси қысымға қарамастан тарихи әділеттілікті қорғаған тұлға ретінде танылды. Оның бастамалары Желтоқсан құрбандарын ақтауға, қоғамдағы тарихи шындықты қалпына келтіруге және ұлттық сананың өсуіне елеулі ықпал етті, дейді зерттеушілер.
Мұхтар Шаханов совет билігі кезінде ұзақ уақыт бойы тыйым салынып келген Наурыз мейрамын қайта жаңғыртуға белсенді атсалысты. Советтік Қазақстанда бұл мереке араға алпыс жылдан астам уақыт салып, 1988 жылы ресми түрде қайта атап өтіле бастады.
Шаханов совет тұсында әбден ушығып, шегіне жеткен экологиялық мәселелерді де қозғады. Ол Арал теңізінің тартылуын «ғаламдық апат» деп атап, «Арал – Балқаш» халықаралық қоғамдық комитетін құруға бастамашы болды. Бұл ұйым арқылы Орталық Азиядағы экологиялық проблемалар халықаралық деңгейде көтерілді.
Ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 1993–2003 жылдары Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. Кейін Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болып сайланып, ұлттық мүдде, тіл және мәдениет мәселелерін белсенді түрде көтерді.
Алматыдағы баспасөз конференциясы. Сол жақтан: Зардыхан Қинаятұлы, Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Асылы Османова, Рахым Айыпұлы. 22 қазан 2013 жыл.
Шаханов қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолындағы күресімен де танылды. Ол «Мемлекеттік тіл» қозғалысына жетекшілік жасап, тіл саясатына қатысты реформалар қажет екенін жиі көтерді. Өз ұстанымын қорғау үшін аштық жариялау сияқты қадамға да барған.