Ақын Мұхтар Шаханов өмірден озды

Мұхтар Шаханов

Ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Совет дәуірі кезінде «Оңтүстік Қазақстан», «Лениншіл жас» сияқты түрлі басылымдарда түрлі қызмет атқарған. Республикалық «Жалын» журналын басқарған.

1993-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы елшісі болды. 2004 жылы парламент мәжілісінің депутаты болған.

Ақынның поэмалары мен балладалары ондаған тілге аударылған. Арасында Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы мен «Сократты еске алу түні» драмасы да бар.

Ақын Қазақстандағы қоғамдық-саяси мәселелерге де пікірін білдіріп отырған. Әсіресе, қазақ тілінің ахуалына көп алаңдаушылық білдірген. 2011 жылы елде Мұхтар Шаханов бастаған бір топ адам биліктен қазақ тілінің мәртебесін жоғарлатуды, Конституциядан орыс тілінің ресми тіл статусын алып тастауды талап еткен. Бірақ Конституциядағы тілге қатысты баптар өзгеріссіз қалды.