Араағайын елдердің өкілдері палестиналық ХАМАС тобының басшылығына Израиль 2 тамыздан бастап Газа секторын атқылауды тоқтатуға келіскенін жеткізген. Мұны Сауд Арабиясының Asharq Al-Awsat басылымына ХАМАС өкілі айтқан. АҚШ, Израиль және Еуропа одағы ХАМАС тобын террористік ұйым деп таныған.
ХАМАС өкілінің айтуынша, араағайындар Израильдің "шабуыл жасауды, әуеден соққы беруді және артиллериялық қарудан атқылауды, қиратып-бүлдіруді" толық тоқтатуға келіскенін хабарлаған. ХАМАС өкілдерінің айтуынша , тиісті келісім АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған және келіссөз процесін үйлестіретін "Бейбітшілік кеңесіне" жеткізілген.
Келіссөз барысымен таныс дереккөз басылымға араағайындар мен ХАМАС тобы Израиль үкіметі 3 тамызға жоспарланған отырысынан кейін ресми жауабын айтады деп күтіп отырғанын хабарлады.
31 шілдеде "Бейбітшілік кеңесі" Газа секторындағы келісімге қол жеткізудің жол картасын жариялаған еді. ХАМАС пен басқа да палестиналық фракциялар келіскен бұл құжатта палестиналық топтарды кезең-кезеңімен қарусыздандыру, Газа секторынан Израиль әскерін шығару және секторды басқаруды Палестина автономиясы әкімшілігіне өткізу көзделген.
Израиль ХАМАС тобының қару-жарағы мен туннельдері жойылсын, ал қарусыздандыру аяқталғанға дейін Израиль армиясының (ЦАХАЛ) Газа секторындағы әрекетіне кедергі жасалмасын деген талап қойып отыр.
Араағайындардың мәлімдемесіне қарамастан, атыс-шабыс тоқтаған жоқ. 2 тамызда Палестина дереккөздері Израиль Газа секторын тағы да атқылап, бейбіт тұрғындар қаза тапқан деп хабарлады.ЦАХАЛ болса ХАМАС тобының екі командирінің (оның бірі 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуылға қатысқан) көзі жойылғанын мәлімдеді.