Атырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты арабша жазуы бар Қазақстан туымен суретке түскен екі қыз бен кәмелетке толмаған тағы екі қыз баланың ата-анасын әкімшілік жазаға тартты. Бұл жөнінде қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Төрт қыздың ісі "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша қаралды. Қыздардың бірі 15 күн әкімшілік қамауға алынды. Кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекетке тарту жағдайды ауырлататын фактор ретінде танылды. Екінші қызға 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сот кәмелетке толмаған екі қыздың ата-аналарын 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді.
Наурыздың соңында әлеуметтік желіде бет-жүзін қара ниқабпен жауып алған төрт адамның Қазақстан туын ұстап тұрған суреті тараған еді. Қазақстан туының жоғарғы бөлігінде діни символика мен арабша жазу бар.
Кейін бұл фото 23 наурызда Атыраудағы мұз сарайы ғимаратында түсірілгені белгілі болды. Туды ұстап түскен қыздар ұсталып, полицияға жеткізілген. Онда мемлекеттік рәмізді қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. "Мемлекеттік рәмізді қорлау" бабы (Қылмыстық кодекстің 372-бабы) 3 мың АЕК-ке дейін (23 мың доллардан астам) айыппұл немесе қоғамдық жұмыс немесе екі жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасын қарастырады.